К 30-летию Независимости Казахстана | 24 қазан 16:38

Қазақстанда жолаушылар тасымалы жаңғыруда

Қазақстанда теміржол жолаушылар тасымалының дербес қызметі 1998 жылғы 14 шілдеде «ҚТЖ» РМК құрылымында «Жолаушылар тасымалы» еншілес мемлекеттік кәсіпорнын құрудан басталды. 2002 жылы мемлекеттік кәсіпорын негізінде «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы құрылды.

2004 жылғы 25 желтоқсанда ҚР Үкіметінің Қаулысымен «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға ұлттық тасымалдаушы мәртебесі берілді. Қазіргі таңда акционерлік қоғам құрылымына 4 филиал кіреді. Олар – «Оңтүстік», «Батыс», «Солтүстік» және «Экспресс» және 2 еншілес компания – «Қала маңы тасымалы» және «Вагонсервис» акционерлік қоғамдары. Жыл сайын ұлттық тасымалдаушы пойыздарымен орта есеппен 13,5 миллион жолаушы қатынайды. Жолаушылар арасында ең көп сұранысқа ие бағыттар: Астана – Алматы, Астана – Шымкент, Алматы – Шымкент, Астана – Семей және Алматы – Семей. Жалпы «Жолаушылар тасымалы» АҚ Қазақстан бойынша 139 бағыттың 97-сіне қызмет көрсетеді. Ұлттық тасымалдаушының жылжымалы құрам паркі 2151 вагонды құрайды, оның ішінде 1311-сі стандартты, 732-сі Тальго, 108-і электр-дизельді пойыздар вагондары.  

Соңғы он жыл ішінде компания 1,5 мыңға жуық қазіргі заманға сай вагон сатып алды. Оның ішінде вагон паркі 2023 жылы және 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 150-ден астам вагонмен толықтырылды. Жаңа вагондар Алматы – Маңғыстау, Алматы – Атырау, Атырау – Астана, Атырау – Маңғыстау, Астана – Шымкент, Астана – Семей, Қызылорда – Семей, Алматы – Жезқазған, Павлодар – Алматы, Павлодар – Түркістан және Атырау – Ақтөбе бағыттары бойынша қатынап жүр. 2030 жылға дейін 700-ден астам вагон жеткізіледі, оның ішінде 537 вагон «Штадлер Қазақстан» өндірісінен алынбақ. Айта кетейік, теміржол көлігінің жылжымалы құрамын сатып алу және жаңарту үшін қолдау шараларын әзірлеу ҚР Үкіметі мен ҚР Президентінің хаттамалық тапсырмасымен бекітілген.  

Бүгінде қоғамда 11 мыңнан астам теміржолшы еңбек етеді. Оның ішінде пойыз бригадаларының қызметкерлерінің саны 4 мыңнан асады, олардың 4 пайызы немесе 183-і жолаушылар пойыздарының бастықтары. 2024 жылдың бірінші тоқсанында 17 мыңнан астам жолаушы «Күту парағы» арқылы пойыз билеттерін сатып алған. Bilet.railways.kz сайтындағы «Күту парағы» қызметі жолаушылар арасында танымал болып келеді. Бұл қызмет басқа жолаушылар сапардан бас тартқан жағдайда билетті кезекпен сатып алуға мүмкіндік береді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 170 мыңнан астам жолаушы билеттерді «Күту парағы» арқылы сатып алыпты. Ал «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның кассаларында билеттер комиссиясыз сатылады.  

Ұлттық тасымалдаушы «Әйелдер вагоны» жобасын одан әрі дамыту бойынша әлеуметтік сауалнама жүргізген болатын. Оған 600-ден астам респондент қатысып, нәтижесінде әйелдер вагондары тағы да «Астана-Семей», «Ақтөбе-Алматы», «Алматы-Шымкент» секілді үш бағыт бойынша қосылды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әйелдерге арналған вагондары бар пойыздар 8 бағыт бойынша қатынайтын. Олар – «Алматы-Маңғыстау», «Алматы-Өскемен», «Павлодар-Түркістан», «Маңғыстау-Семей», «Атырау-Астана», «Ақтөбе-Алматы-1», «Астана-Алматы-2», «Астана-Шымкент» рейстері. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 70 мыңнан астам жолаушы «әйелдерге арналған вагондар» қызметін пайдаланды. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есеге өскен. Әйелдерге арналған вагондарда жеті жасқа дейінгі ер балалардың жүруіне рұқсат етіледі.  

Райхан Рахметова

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"