Президент өз сөзінде жол салу және оны жөндеу жұмыстары да экономиканың дамуына тың серпін беретінін жеткізді. Азаматтардың барыс-келісі жанданып, бизнестің белсенділігі артады.
«Экономиканы дәйекті дамыту үшін еліміздің бәсекедегі артықшылықтарын түгел пайдалану керек. Қазақстанды Еуразия құрлығындағы негізгі транзиттік хабтың біріне айналдыру үшін батыл қадамдар жасауға тиіспіз. Таяуда біз Сиань қаласында көлік-логистика орталығын іске қостық. Қазақстан мен Қытай болашағы зор бұл жобаны «Бір белдеу, бір жол» атты жаһандық бастама аясында бірлесіп жүзеге асырды. Дәл осы аптада Әзербайжанға Сиань қаласынан алғашқы контейнер пойызы келіп жетті», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетсек, жаңа логистика орталығы Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы тасымалданатын жүк көлемін едәуір арттыруға ықпал етеді.