«Көлік бағыттарының бәсекеге қабілеттілігі бүгінде тек инфрақұрылымға ғана байланысты емес. Бұл орайда деректердің, цифрлық платформалар мен жасанды интеллектінің рөлі артып келеді», – деді Қор басшысы.
Ынтымақтастықтың келесі кезеңінде заманауи логистикалық бағыттарды жасанды интеллект, үлкен деректер, цифрлық егіздер және жүк ағындарын интеллектуалды басқару технологияларымен біріктіретін зияткерлік көлік дәлізін қалыптастыру көзделеді. Бүгінде бірлескен көлік-логистика жүйесі Ляньюньган портын, Khorgos Gateway құрғақ портын, Сиань терминалын, Ақтау хабын және Алматыдағы ZHETYSU логистикалық кешенін байланыстырады.
2027 жылы бұл жүйе Чэндудағы құрғақ портпен толықтырылып, Қытайдың Тынық мұхиты жағалауынан Қазақстан мен Каспий арқылы Еуропаға дейінгі бағытты күшейтеді. Көлік дәлізін дамыту ауқымды инфрақұрылымдық жобалармен қатар жүзеге асырылып жатыр. Бақты – Аягөз теміржол желісінің құрылысы Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол өткелін ашуға мүмкіндік береді. Оның өткізу қабілеті жылына 25 млн тоннаға дейін жетеді.
«Бірлескен күшіміздің арқасында Орта дәлізді XXI ғасырдың негізгі көлік бағыттарының біріне айналдырамыз», – деді Нұрлан Жақыпов.«Самұрық-Қазына» - Қазақстан–Қытай Іскерлік кеңесінің тең төрағасы. Қытай тарапынан бұл міндетті CITIC Group компаниясы атқарады. Кеңестің соңғы екі отырысының қорытындысы бойынша энергетика, көлік, цифрландыру және өнеркәсіп салаларында жалпы сомасы шамамен 20 млрд АҚШ доллары болатын 110-нан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды.