«2025 жылға дейін біз 51 ұшақ сатып алуды жоспарлап отырмыз. Биыл 14 жаңа ұшақ аламыз, оның бесеуі алынды. Апта сайын дерлік БАҚ өкілдеріне ақпарат беріп тұрамыз. Жаңа ұшақ екі күн бұрын ғана келді. 2030 жылға қарай паркті 80 ұшақпен толықтыруды жоспарлап отырмыз», деді Қайырбек Өскенбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Бұған дейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен Қажылық және ұмра министрі Тауфик бен Фаузан бин Мұхаммед Әл Рабианың кездесуі нәтижесінде берілген тапсырмаларды орындау шеңберіндегі кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы тікелей әуе қатынасын орнатудың тетіктерін талқылағанын хабарлаған болатынбыз.
Басқосуда елдер арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін тікелей әуе қатынасының маңыздылығына да назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша арнайы құжатқа қол қойылды. Оған сәйкес, екі мемлекет арасындағы тұрақты жолаушылар рейстерінің саны аптасына 4-тен 14 рейске дейін, яғни 3 есеге дейін ұлғаймақ.
Қазақстан тарапы 2022-2023 жылдардағы күзгі және қысқы навигациялық маусымда бірқатар отандық әуе компаниялары тұрақты жолаушылар тасымалын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, «Air Astana» Алматы – Медина бағытында, «Fly Arystan» Ақтау – Медина бағыттарында аптасына жиілігі 2 реттен тұрақты рейстер орындамақ. Сондай-ақ отандық SCAT компаниясы да аптасында 2 рет Алматы – Джидда бағытында әуе тасымалын ұйымдастыруды жоспарлауда.
Ал саударабиялық Fly Nas әуе тасымалдаушысы Джидда – Алматы бағытында тұрақты рейс ашуды жоспарлап отыр.