«Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС (ҚазМұнайГаздың еншілес кәсіпорны) ҚБТУ жанындағы Қазақстан теңіз академиясымен бірлесіп, төрт жылдық бағдарлама бойынша оқыту үшін бірінші кезеңнің 10 болашақ теңізшісін іріктеп алды. Бағдарлама «кеме жүргізу» және «кеме механикасы» мамандықтары бойынша Қазақстан сауда флоты үшін мамандар даярлауға бағытталған.
Грант оқу ақысын, ай сайынғы стипендияны, жатақханада тұруды және Қазақтеңізкөлікфлоты компаниясының кемелеріне жұмысқа орналасуды толықтай қамтамасыз етеді.
18 тамызда білім беру бағдарламасының бірінші лек қатысушылары студенттік жатақханаға орналасу үшін Алматы қаласына барды. Олар теңіз индустриясы саласында кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған оқуға кіріседі.
Еске сала кетсек, өтініш беру 2024 жылғы қарашада басталып, биыл мамыр айына дейін жалғасты. Мектеп бітіруші үміткерлер тест тапсырды, әңгімелесуден өтті және мотивациялық хат жазды. Оқу ағылшын тілінде болады, сондықтан ағылшын тілін білу — міндетті шарт.