Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның БҰҰ Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымына (ЮНЕСКО) мүшелігінің 30 жылдығына орай пошталық маркаға мөр басу рәсімі өтті. Іс-шараға ЮНЕСКО-ның Кластерлік бюросының, БҰҰ-ның, «Қазпошта» АҚ өкілдері, сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері қатысты.
Номиналы 900 теңгелік жаңа пошта маркасында ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра объектісі Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бейнеленген. Суретші – француз иллюстраторы Николас Журну. Аталған марка 10 мың дана таралыммен шығарылады.