Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеев Кеңес мүшелеріне, 2022 жылдың желтоқсанында «МТ-С» ЖШС және «Ксел» АҚ атынан операторлар консорциумы 5G енгізу үшін жиілік аукционында жеңіске жеткенін және конкурс шарттары бойынша компаниялар 2027 жылға дейін бүкіл ел бойынша 7 мыңнан астам 5G базалық станциясын орнатуы, оның ішінде Астана, Алматы және Шымкенттегі 390 базалық станция ағымдағы жылы пайдалануға берілетіндігін еске салды.
Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында ғана компаниялар тобы бесінші буынның байланыс стандартын енгізу жөніндегі жобаға шамамен 160 миллиард теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр.
Компания басшысы бесінші буынның байланысын іске қосу және 5G индустриясының экожүйесін одан әрі дамыту Қазақстандағы мобильді байланыс ландшафтын өзгертіп қана қоймай, бірегей цифрлық мүмкіндіктердің пайда болуы, инновациялар мен технологиялардың дамуы, барлық салалардағы трансформациялық процестерді жеделдету және тағы басқа есебінен ел экономикасы мен халықтың өмір сүру сапасына айтарлықтай әсер етеді деп санайды.
«Қазақтелеком» мамандарының бағалауы бойынша 2027 жылдың соңына дейін ел халқының 80%-ы 5G желісіне қол жеткізе алады.