Мамыр айының соңында телеком-оператор акционерлерінің жылдық жалпы жиналысында «Самұрық-Қазына» қоры «Қазақтелекомның» негізгі акционері ретінде 2021 жылға дивидендтер төлеу туралы мәселені қарауды кейінге қалдыруды және оған ағымдағы жылдың екінші жартысында оралуды ұсынған болатын. Ол кезде мұндай шешімді қабылдауға әлемдегі тұрақсыз экономикалық жағдай, валюталық тәуекелдер және бас компанияның да, оның еншілес құрылымдарының да инфрақұрылымдық жобаларын іске асыруға қомақты инвестициялар құю қажеттілігі себеп болған еді.
«Биыл компанияның капиталды көп қажет ететін жобаларының бірі желіні жаңғырту және FWA – тіркелген сымсыз байланыс технологиясын дамыту болды. Бірінші жоба аясында қазан айындағы жағдай бойынша біз ескірген мыс байланыс желілерінен 63 мыңға жуық абонентті талшықты-оптикалық байланыс желілеріне ауыстырдық, ал жыл соңына дейін тағы 30 мыңнан астам клиентті «оптикаға» көшіруді жоспарлап отырмыз. Тұтастай алғанда, компания бірнеше жыл ішінде ADSL пайдаланудан мүлдем бас тартып, өз клиенттерін 100% заманауи талшықты-оптикалық технологияларға ауыстыруға ниетті. Бүгінгі таңда біздің мыс желілеріміздің республика бойынша ұзындығы 53 мың шақырымнан асады және көбінесе мыс кабелі қазірдің өзінде салынған «оптикамен» «іргелес» болады. FWA-ға келетін болсақ, біз қазір осы технология бойынша желілерді үш мегаполисте белсенді түрде дамытып жатырмыз және барлық жоспарланған базалық станцияларды орнату FWA желілерімен Астана, Алматы және Шымкенттегі 82 мыңға жуық жеке үйді қамтуға мүмкіндік береді, ал болашақта осы технология бойынша желілерді салуды еліміздің тағы 15 облыс орталығында бастауды жоспарлап отырмыз», – деді «Қазақтелеком» АҚ Басқармасының төрағасы Қуанышбек Есекеев.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша телеком-оператор жариялаған шоғырландырылған есептілікке сәйкес, «Қазақтелеком» компаниялар тобының жалпы кірісі 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға (283 млрд теңге) өсіп, 301 млрд теңгеден асты. Бұл ретте қызметкерлердің материалдық жағдайын жақсартуға, сондай-ақ ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында абоненттерді қолдауға бағытталған шараларға кеткен шығындардың ұлғаюы компаниялар тобының таза табысының төмендеуіне әкелді, яғни 50,5 млрд теңгеге тең келді. Бұл ретте EBITDA мөлшері (пайыздарды, салықтарды, тозуды және есептелген амортизацияны төлеу бойынша шығыстар шегерілгенге дейінгі пайда көлемі) небәрі 1%-ға төмендеп, 139 млрд теңгені құрады.
«Компанияның 2021 жылға дивидендтер төлеуге жұмсайтын қаражат сомасы – 39,5 млрд теңгеден астам, бұл 2020 жылғы төлемдер мөлшерінен 2 есе артық екенін атап өту маңызды. Атап айтқанда, борыштық жүктеме мен ағымдағы өтімділік көрсеткіштерінің, сондай-ақ тұтастай алғанда компанияның қаржылық тұрақтылығының жақсарғанын көрсетеді. Бұдан басқа, дивидендтік төлемдер мөлшерін ұлғайту туралы шешімге өткен жылы «Кселл» мобильді операторы акцияларының 24%-дық үлесін сату әсер етті, бұл компания иелігіндегі қаржы ресурстарының сомасына әсер етті. Осылайша, бір ай ішінде біз 2021 жылғы шоғырландырылған таза табыстың 43,53% дивидендтер төлеуге жұмсаймыз, әрбір акцияға төлемдер 3590,39 теңгеден келеді», – деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ Бас қаржы директоры Людмила Атамуратова.