К 30-летию Независимости Казахстана | 16 қаңтар 08:33

«Қазақтелеком» және Salem social media ынтымақтастық туралы меморандумды бекітті

Бейнеконтент жасау және оны дамыту бағытындағы қазақстандық медиакомпания Salem social media және Қазақстанның ірі Телеком-операторы «Қазақтелеком» АҚ киноөнімдер шығару және оны TV+ платформасында трансляциялау бағытында бірлескен жұмысты көздейтін меморандумға қол қойды.

Елдегі ең ірі Salem Social Media продюсерлік орталығы нарықтағы бес жыл ішінде Орталық Азия аймағында веб-сериялық өнімдерді дамыту процесінде жетекші ойыншылардың біріне айналды. Қазақстандық компанияның өнімдері Канн, Пусан, Ресей, Германия және АҚШ-тағы халықаралық фестивальдарда және басқа да халықаралық кинофорумдарда бірнеше рет жүлделі орындарға ие болған. Salem social media бас директоры Рустам Юсуповтың айтуынша, осы жетістіктердің арқасында шетелдік және жергілікті платформалар қазақстандық өндіріс өнімдерін дамытуға қызығушылығы артты.

«Сериалдарды ресейлік онлайн кинотеатрларға сатуда Salem-нің сәтті жобалары бар, және бұл бағытта мол тәжірибе жинады. Мысалы Start.ru платформасында орналасып, оның ТОП-20 сериялдар тізіміне сенімді шықты. «Қазақтелекоммен» ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылғаны үлкен істің басы деуге болады. Біз үшін бұл отандық серіктеспен бірлесіп жұмыс істеудің алғашқы тәжірибесі, және бұл серіктесімізден біз Қазақстанда киноиндустрияны дамытудың үлкен перспективасын және елдің креативті әлеуетін ашу мүмкіндігін көріп отырмыз. Сонымен қатар, бұл ынтымақтастық біздің көрерменге Salem сериалдарын тек мобильді құрылғыларда ғана емес, сонымен қатар олар көптен күткен Smart TV - де көруге қосымша мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Юсупов мырза меморандумға қол қою барысында.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың наурыз айында «Қазақтелеком» TV+ телевизиялық платформасын іске қосқан болатын, ол пайдаланушыларға цифрлы теледидар мен стриминг платформаны біріктіре отырып, кез келген талғамға сай келерлік контенттің үлкен таңдауын ұсынды. Қазіргі уақытта пайдаланушылар үшін бұл платформа сақтап қойып, қайта тамашалау функциясы бар 170-тен астам телеарналарды қолжетімді етті және «ТВ-дағы ең жақсы» атты айдарда шамамен 10 мыңнан астам контенті бар әрі апта сайын жаңартылып тұратын каталогқа қол жеткізуге мүмкіндік берді. Бұдан басқа, платформаға 5 онлайн-кинотеатр біріктірілген: оның 3-і шетелдік – MEGOGO, AMEDIATEKA және START, сонымен қатар қазақ тіліндегі алғашқы Қазақстандық QAZAQSHA кинотеатры және «KZ-да жасалған» жеке кинотеатры.

«Біздің мақсатымыз - клиенттерімізге бір алаңда тоғыстырылған ең үздік қызметті көрсету. Көрермендер бүгінде отандық контентке ерекше қызығушылық танытады – мысалы, қазақстандық телеарналардың бағдарламалар рейтингінде дәл осы еліміздің туындылары жоғары деңгейде, - деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеев. - Жасыратыны жоқ, контент кез-келген платформаның негізгі қозғаушы күші болып табылады, біз шетелдік әріптестердің мысалына қарап отырып, дұрыс таңдалған контент көптеген жаңа пайдаланушыларды тартып қана қоймай, оларды ұстап тұра алатындығын көреміз. Сондықтан біздің платформамызды дамытудың келесі кезеңі жергілікті эксклюзивті контенттің үлесін ұлғайту болып табылады, бұл үшін бірінші кезекте қазақстандық нарықтағы үздік медиа өндіріс компаниясы Salem  social media-мен ынтымақтастықта жұмыс істеу маңызды», - деді ол.

TV + платформасындағы «Қазақстанда жасалған» жеке онлайн-кинотеатры қазақстандық теле және кино өндірісінің үздік жобаларын топтастырады: қазіргі уақытта кинотеатр каталогы 3500-ге жуық контентті құрайды, сервис фильмдердің эксклюзивті онлайн-премьераларына ерекше назар аударады. Қазіргі уақытта «Қазақтелекомның» TV+ мобильдік қосымшасын 600 мыңнан астам пайдаланушы жүктеп алған, бұдан басқа, 90 мыңнан астам абонент осы сервиске STB қондырғылары немесе Smart TV арқылы қосылған. Ірі телеком-оператор басшылығы Salem social media өнімдерінің көмегімен платформаның аудиториясын одан әрі кеңейтуге болатынына сенімді.

«Salem social media өнімдері әрдайым жоғары кәсіби шеберлікпен және өзіндік стилімен ерекшеленіп тұрады, және осы арқылы көрермендер жүрегін жаулап келеді. Бірлескен ынтымақтастық аясында көп жоспарларымыз бар деп айта аламын. Біз бірге отандық медиа өндірістің дамуына үлкен үлес қосып, қазақстандық көрерменге жаңа қызықты жобалар сыйлай аламыз»,-деп қорытындылады сөзін Есекеев мырза.