К 30-летию Независимости Казахстана | 20 тамыз 16:30

«Қазақтелеком» командасы Астанада өткен «Qyzmet Cup» турнирінде алтын алды

Астанада шілде мен тамыз аралығында мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар мен компаниялар арасында «Qyzmet Cup» футбол турнирі өтті. «Бірлік» лигасында өнер көрсететін «Қазақтелеком» командасы турнир жолынан сенімді өтіп, оны бірінші орында аяқтады.

Турнирге үш лигаға бөлінген 24 команда қатысты. «Қазақтелеком» 7 матч өткізіп, өз тобында жеңімпаз атанды. Командалық жеңістен басқа, компания қызметкерлері жеке марапаттарға ие болды: Айбек Сламбеков үздік қорғаушы, ал Валерий Бисмағайбетов турнирдің үздік шабуылшысы атанды.

«Жыл сайынғы «QYZMET CUP» турнирі әрқашан биік деңгейде өтеді. Әр команда жоғары дайындықпен келген екен, осал қарсылас болмады – әрбір матчқа бар күшімізді салуымызға тура келді. Осындай мықты құрамның ішінде ерекшеленіп, үздік ойыншы атағын алғаныма өте қуаныштымын. Спорт және футболды қолдау – «Қазақтелекомдағы» корпоративтік мәдениетіміздің маңызды бөлігі. Біз жай ғана әріптестер емеспіз, жұмыста да, алаңда да нағыз командамыз. Бізді үнемі жаңа биіктерге жетелеп жүретін басшылыққа алғысымды білдіремін», - деп атап өтті турнирдің үздік шабуылшысы Валерий Бисмағамбетов.

Турнирді Қазақстан футбол федерациясы ұйымдастырды, ал ойыншыларға марапатты федерация басшысы Әділет Барменқұлов өз қолынан табыс етті. Бірінші орынды иеленген «Қазақтелеком» қыркүйек айында өтетін «QAZAQSTAN QYZMET CUP» Қазақстан чемпионатына жолдама алды. Онда ұжым бұдан да мықты топтармен бәсекеге түсіп, қызыққа толы матчтар өткізетіні сөзсіз.

«Мен жігіттерді мақтан тұтамын. Жұмыста ғана емес, футбол алаңында да жетістікке жете алатынымызды көрсеттік. Уақыт тапшылығына қарамастан, жұмыс күндері, жұмыстан кейін тынбай жаттыға бердік. Барлық ойыншылар бір жұдырықтай жұмылып, жеңіске деген ұмтылысты көрсете отырып, аянып қалмады. Ендігі мақсатымыз – республикалық деңгейде лайықты өнер көрсету. Басшылыққа үздіксіз қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреміз және ұжым мен компанияға тағы бір жеңіс әкелу үшін бар күшімізді саламыз», – деп атап өтті «Қазақтелеком» командасының капитаны Нұрболат Тоқсанбаев.

«Қазақтелеком» футбол командасы бес жыл бұрын құрылған сәттен бастап турнирдің тұрақты қатысушысы болып табылады, үнемі жоңғары деңгейде ойын көрсетіп келеді. Осы кезеңде команда үш рет қалалық кезең чемпионы атанды және бір рет республикалық деңгейде екінші орынға ие болды.