Былтыр InDigiCo мамандары telecom.kz, ismet.kz порталдарындағы жеке кабинеттің функционалы мен механикасын жетілдірді, ең танымал мессенджерлерде чат-боттарды іске қосты, ал енді В2В-сегментке арналған мобильді қосымша әзірлеп жатыр.
«Біз «Самұрық-Қазына» қоржын компанияларындағы инфрақұрылымның, клиенттермен қарым-қатынастың жай-күйін қараймыз. Біздің міндетіміз – өзіміздегі бар тәжірибені осы компанияларға да қолдану», – дейді «QazCloud» бас директоры Қасым Есіргепов.
InDigiCo клиенттерге цифрлық өнімдер әзірлейтін бірнеше эджайл-командадан тұрады. Эджайл әдісі – алға қойылған міндетті қысқа мерзімде жылдам орындап шығу. Командалар «Қазақтелеком» қызметкерлерінен және сырттан шақырылған мамандардан жасақталған. Олар: скрам-мастерлер, продакт-оунерлер, әзірлемешілер, ІТ-архитекторлар, дизайнерлер, сынақшылар, т.б. Соның әрбірінің атқаратын нақты міндеті бар.
«Біздің компанияның өзі қатысатын барша салада ауқымы кеңейіп, күшейіп келе жатқаны қуантады. Енді цифрлық түрлену жағынан да бірінші орынға шығатын кез келді», – дейді «Қазақтелеком» Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеев.