ТЖМ мәліметтері бойынша, 4 қыркүйектегі жағдай бойынша Қостанай облысындағы өрт алаңы 43 мың гектардан асты, орман алқаптарынан шыққан жалын жақын маңдағы бірқатар ауылдарға және ондағы тұрғын үйлерге жайылды, бұл аймақтардан 1841 адам эвакуацияланды. Осыған байланысты «Қазақтелеком» компаниясы қазақстандық нарықтың әлеуметтік жауапты ойыншысы ретінде отандастарының бір бөлігі тілсіз жаудың салдарынан үйсіз күйсіз қалып, қиындыққа тап болған сәтте сырт қала алмағанын мәлімдеді.
«Зардап шеккендерге мүмкіндігінше тезірек қалыпты өмірге оралуына көмектесу үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз. Осыған байланысты компания басшылығы ағымдағы жылдың соңына дейін байланыс қызметтері үшін төлемдерді тоқтата тұру және абоненттердің қарыздары мен қызметтерді уақтылы төлемегені үшін салынатын өсімпұлды жою туралы шешім қабылдады», - дейді «Қазақтелеком» АҚ Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеев.
Бұл жерде орман өртінен зардап шеккен Әулиекөл ауданының үш ауылы – Озерное (8 үй зардап шеккен), Лесное (1 үй жанып кеткен) және Аманқарағай (98 үй отқа оранған) ауылдарының тұрғындарына жеңілдіктер қарастыру туралы сөз болып отыр. Бұл ретте абоненттердің телекоммуникация қызметіне берешегі мен өсімпұлы толықтай кешіріледі.
Сондай-ақ өрт салдарынан зақымданған барлық клиенттік жабдықтар есептен шығарылады және қажет болған жағдайда компанияның есебінен осы елді мекендердің абоненттеріне өтеусіз ауыстырылады. Сонымен қатар, «Қазақтелеком» мамандары осы үш елді мекендегі байланыс желілерін қалпына келтіру мәселесімен айналысуда, себебі тілсіз жаудан желілер жүретін тіректер де зардап шеккен.
«Аманқарағай және Озерное ауылында өрт салдарынан тұрғын үйлердің жанында орналасқан 50-ге жуық байланыс желілерінің тіректері жанып кеткен, жалын 3 км-ге жуық сыйымдылығы әртүрлі кабельдерді жарамсыз еткен, – дейді «Қазақтелеком» АҚ «Желі» Дивизионы бірлестігінің сапа жөніндегі директоры Шыңғыс Құсқамбасов. – «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлері құтқару жұмыстарына тікелей қатысты және орман өрттерінен зардап шеккен елді мекендерді жалпы қалпына келтіру шаралары басталған кезде байланыс желілерін жөндеу жұмыстарын жүргізуге дайын. Қостанай облысында әлі де орман өрттері жалғасып жатқанын түсіну керек, сондықтан біз әзірге өрт тоқтатылған елді-мекендердегі шығындарды ғана бағалай аламыз, байланыс желілерін қалпына келтіру бойынша жұмыстар өңірде бұдан да ауқымды болуы мүмкін».
Соған қарамастан, қажет болған жағдайда компания Қостанай облысының барлық елді мекендерінде орман өрттерінен зардап шеккендерді қолдаудың осындай шараларын қабылдауға дайын. Еске сала кетейік, бұған дейін еліміздің премьер-министрі Әлихан Исмаилов Қостанай облысында өрт кезінде баспанасынан айрылғандарға жаңа үйлер салынатынын мәлімдеген болатын. ТЖМ-де жарақат алған және күйік алған 10 адам туралы хабарлады, бір адам қайтыс болды.