Айта кетейік, Altel және Tele2 брендтерімен танымал «МТ-С» Қазақстандағы жоғары жылдамдықты 5G байланыс желісінің жетекші провайдері болып табылады. 2004 жылы құрылған компанияда 2000-ға жуық қызметкер жұмыс істейді және 140-тан астам бөлшек сауда дүкендерін басқарады. Оператор Қазақстанның телеком-секторында шешуші позицияны иелене отырып, телекоммуникациялық және цифрлық қызметтердің кең спектрін ұсынады.
«Бұл мәміле «МТ-С» стратегиялық дамуының маңызды кезеңі болып табылады және компания алдында одан әрі өсу және қосымша құндылық жасау үшін мүмкіндіктер ашады. Power International Holding сияқты беделді халықаралық стратегиялық инвестор инновацияларды, қызмет көрсетудің жоғары стандарттарын енгізбек, бәсекелестікті күшейтіп, жаңа бағдарларды белгілей отырып, «МТ-С» ғана емес, Қазақстанның бүкіл ұялы телекоммуникация саласының одан әрі дамуы мен өркендеуі үшін бар күшін салатынына сенімдімін. Мен «МТ-С» командасының Қазақтелеком құрамында атқарған жұмысын мақтан тұтамын және Қазақстанның цифрлық трансформациясын қолдай отырып, компанияның позициясын одан әрі нығайту үшін эстафетаны PІН-ке қуана табыстаймын», - деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин.
20,2 миллион халқы, қамту көлемі жоғары ұялы және интернет байланысы бар Қазақстанның телекоммуникация саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Оны тұтынушылардың үздік байланыс қызметтері мен цифрлық технологияларға деген сұранысының артуынан байқауға болады.
«МТ-С» компаниясын сатып алу технологияны қолдана отырып, қауымдастықтардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған PIH көзқарасына сәйкес келеді. Желілік инфрақұрылым, деректерді талдау және цифрлық төлем жүйелері саласындағы өз тәжірибесіне сүйене отырып, PIH тұтынушылардың көңілін тауып, бүкіл Қазақстан бойынша технологиялық инновацияларды ынталандыруға ұмтылады.