Биыл тоғызыншы рет өтетін «Самұрық-Қазына» спартакиадасы Қордың 16 компаниясының намысын қорғайтын 800 қатысушының басын қоспақ. Жарысқа үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, армрестлинг және жүзу сияқты жеке спорт түрлері, сондай-ақ футзал, волейбол, баскетбол, арқан тарту, асық ату және киберспорт сияқты командалық спорт түрлері кіреді.
«Компания жетістігі әрқайсымыз қосқан үлеске байланысты. Сіздің жетістікке деген ұмтылысыңыз бен кәсібилігіңіз жаңа биіктерге жетуге көмектеседі. Спорттық жарыстар осы қасиеттерді жаңа қырынан көрсетіп, топтық рухты нығайтуға және тың күш-қуат беруге мүмкіндік ашады. Бұл жарыста біз тек жеңіс үшін ғана емес, бір-бірімізді жақсы түсіну үшін тер төгеміз. Әріптестерге сәтті өнер көрсетіп, жаңа жеңістерге жетуді тілеймін. Спорттық жетістіктер бізді жұмыста да, өмірде де жаңа биіктерге жетелей берсін», - деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ Бас әкімшілік директоры Ержан Мейрамов.
Компания басшылығы спортшыларға алдағы суперфиналда сәттілік тілеген соң, байланыс ардагерлеріне естелік сыйлықтар мен кәдесыйларын табыстады.
Былтыр «Қазақтелеком» құрамасы футбол, армрестлинг, жүзу, баскетбол, волейбол және арқан тартыс бойынша жүлделі орындарға ие болып, үздік нәтижелер көрсеткен еді. Биыл қызметкерлер мен жанкүйерлер компанияға бұдан да көп медаль мен марапат бұйырады деп үміттенеді.
Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» спартакиадасының суперфиналы 4-6 қазан аралығында Назарбаев Университетінің спорт кешенінде өтеді.