К 30-летию Независимости Казахстана | 26 шілде 19:20

Қазанда түйгенін Қазақстанда енгізгісі келеді

«Қазтрансойл» компаниясының жастары жақында халықаралық ынтымақтастық аясында Қазан қаласындағы форумға қатысып, әріптестерімен тәжірибе алмасып сұхбаттасып қайтты.

«Қазтрансойл» АҚ Жас мамандар кеңесінің төрағасы Данияр Смағұловтың айтуынша, «Транснефть» жария акционерлік қоғамы мен Мұнай тасымалдаушылардың халықаралық қауымдастығы бірлесе ұйымдастырған ғылыми-техникалық конференция оларды өнімді еңбек пен қарқынды даму жолына ынталандыра түскен. Мұнай тасымалдаушылардың халықаралық қауымдастығына Қазақстанның магистральдық мұнай құбырларының ұлттық операторы 2015 жылдан бері мүше. Шараның өзіне Ресей мен Қазақстаннан тыс, Қытай, Венгрия, Чехия, Словакия және Беларусь елдерінен қонақтар қатысқан.

 

 

«Мұндай ауқымды басқосуға алғаш рет сапар шегіп, қасымда Павлодар мұнай құбыры басқармасының қызметкерлері Әділхан Мұсабеков пен Азат Саясатов болды. Баяндамамызда химиялық реагенттерді қолдана отырып, «Туймазы-Омск-Новосибирск-2» мұнай құбырының қазақстандық бөлігінде мұнай өткізу тақырыбын арқау еттік. Жалпы көрші елдегі жас мамандардың экономикалық тиімділікті арттыру мен өндіріс қауіпсіздігін күшейту мақсатында ұсынған жобалары ерекше ерік-жігерімен, тың идеяларымен бізді таңғалдырып, ой салды», - деп әңгімелейді Данияр Смағұлов.

 

 

 

Жас мамандар кеңесінің төрағасы конференцияның өзі де жан-жақты, сапалы түрде ұйымдастырылғанын келтірді. Ұялы телефондағы арнайы қосымша пікірталастар кестесі, қатысушылар мен қазылар алқасы жайлы дерек, бейнемағлұматтар сынды қажетті ақпаратқа қолжетімділікті жеңілдете түскен.

 

 

 

«Озық технологияларға қанығып, бай тәжірибе жинадық, жаңа достар таптық. Ендігі мұрат, осындай жастар жиынын өзімізде де өткізіп, білім көкжиегін кеңейту арқылы еліміз бен төл компаниямызды гүлдендіруге үлес қосу», - дейді Данияр.