К 30-летию Независимости Казахстана | 16 қаңтар 11:31

Қазатомөнеркәсіп 2034 жылға дейінгі жаңартылған даму стратегиясын бекітті

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ Компанияның 2025-2034 жылдарға арналған жаңартылған даму стратегиясын директорлар кеңесі бекіткені туралы хабарлайды. Бекітілген стратегия 2018 жылдан бері қолданылып келе жатқан стратегияның логикалық жалғасы болып, Компанияның барлық мүдделі тараптар үшін ұзақ мерзімді нарықтық құндылықты құруға деген ұмтылысын білдіреді.

Стратегияны жаңартудың қажеттілігі 2018-2028 жылдарға белгіленген негізгі стратегиялық мақсаттарға мерзімінен бұрын қол жеткізуге, сондай-ақ ядролық саладағы түбегейлі өзгерістерге негізделген. Жаңартылған стратегия Компанияның алдағы 10 жылдағы миссиясын, пайымын және стратегиялық мақсаттарын анықтайды. Ол жаңа ядролық қайта өрлеу қарсаңында Компанияның позициясын тұрақты түрде нығайтуға және әлеуетті мүмкіндіктерді пайдалануға бағытталған.

«Жаңартылған стратегия өзгермелі индустрия жағдайында тұрақты дамуға, ағымдағы процестерді оңтайландыруға және ядролық отын циклінің басқа кезеңдеріне стратегиялық қатысу мүмкіндіктерін зерттеуге бағытталған. Мұндай тәсіл бізге өскелең сұраныс жағдайында ресурстық базаны едәуір толықтыруға, ұзақ мерзімді перспективада табыс көздерін әртараптандыруға, геосаяси тәуекелдерді төмендетуге және тұрақты әрі қалыпты өсуді қамтамасыз ете отырып, әлемдік нарықтағы позицияны нығайтуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Қазатомөнеркәсіптің директорлар кеңесінің төрағасы Арман Арғынғазин.

Қазатомөнеркәсіптің 2018-2028 жылдарға арналған Даму стратегиясы енгізілген сәттен бастап:

бастапқы әлемдік өндірістен 48 мың тоннадан астам уранды алып тастады, бұл уран нарығын сауықтыруға және сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізуге ықпал етті; трейдерлерге сатуды шектеу және жеке сауда компаниясын құру арқылы уранды сату тәсілін өзгертті. 2018 жылдан бастап Қазатомөнеркәсіптің клиенттер базасында Бразилия (2018), Швеция (2018), Испания (2019), Аргентина (2020), Румыния (2021) және БАӘ (2024) сияқты 6 жаңа ел пайда болды. Сонымен қатар, Қазатомөнеркәсіп Америка елдеріне сату үлесін 2018 жылғы 16% - дан 2023 жылы 26%-ға дейін ұлғайтып, өңірлік әртараптандыруды нығайтты. Компанияның сату портфолиосы өзіне ұқсас компаниялармен салыстырғанда уранның споттық бағасымен ең жақсы үйлесімді көрсетеді. Компания көлік бағыттарын сәтті әртараптандырды, Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы Батыс конвертерлеріне жеткізілім үлесі 2023 жылы 64% - ға дейін өсті; корпоративтік басқару тәсілдері мен қағидаттарын айтарлықтай жақсартты. Компания үнемі HSE, корпоративтік басқару, сәйкестік, ақпаратты ашу және ашықтық мәселелерінде үздік әлемдік тәжірибелерді ұстануға ұмтылады. Инвестициялық қоғамдастықтың және басқа стейкхолдерлердің сенім деңгейі айтарлықтай өсті. Компания CSA (Corporate Sustainability Assessment) бағасын S&P Global Ratings-тен 48/100 деңгейінде алды, бұл саладағы орташа көрсеткіштерден жоғары.

Қазатомөнеркәсіпті дамытудың 2025-2034 жылдарға арналған жаңартылған стратегиясы ядролық отын нарығындағы өзгерістерді көрсете отырып және уран өнімдеріне де, сирек және сирек кездесетін жер металдарына да өскелең сұранысты ескере отырып, Value over Volume қағидатына бейілділігін сақтайды. Компанияның негізгі миссиясы мен пайымы – тұрақты даму арқылы жаһандық таза энергияға көшуге жәрдемдесу, сондай-ақ атом саласындағы әлемдік көшбасшылық орнын нығайту.

«Атом энергетикасының өсіп келе жатқан маңызы жасыл энергетика саласындағы жаһандық саясаттың ажырамас бөлігіне айналды, бұл уран нарығының бүгінгі күні бұрынғыдан да күшті іргелі көрсеткіштерін айтарлықтай нығайтуға ықпал етеді. Уранның жетекші әлемдік өндірушісі және жеткізушісі ретінде Қазатомөнеркәсіп экологиялық таза энергияға көшу жөніндегі жаһандық күш-жігерді іске асыруда маңызды рөл атқарады. Біздің акционерлер үшін ұзақ мерзімді құндылық жасау стратегиясына деген міндеттемеміз өзгеріссіз қалады. Жаңартылған стратегиялық мақсаттарды табысты іске асыру компанияға уранның, ядролық отын циклінің, сирек және сирек жер металдарының әлемдік нарығындағы өз орнын нығайтуға ғана емес, сонымен қатар барлық мүдделі тараптар үшін ұзақ мерзімді құндылық құруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Компанияның Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.

Компанияның директорлар кеңесі 2025-2034 жылдарға арналған мынадай стратегиялық мақсаттарды айқындады:

негізгі қызмет түріне назар аудару және ресурстық базаны ұлғайтуға және тиімді пайдалануға күш-жігерді шоғырландыру; экономикалық орындылықпен расталған өскелең перспективаларды ескере отырып, ядролық отын цикліне қатысуын кеңейту; сыни минералдарға сұраныс жағдайында сирек және сирек жер металдарының бағытын дамыту және кеңейту; сатуды әртараптандыруды және сауда функциясын күшейтуді жалғастыру; бизнестің тұтастығын қамтамасыз ету және қолдау үшін озық бизнес және ESG тәжірибелерін жетілдіру.

Бұл стратегиялық мақсаттар өзара байланысты және бір-бірін толықтырады, алдағы 10 жылда компанияның кешенді дамуы үшін берік негіз жасайды.

Қазатомөнеркәсіп инвесторлар, клиенттер және серіктестер тарапынан бедел мен сенімді нығайта отырып, тұрақты құндылық құру бағытын ұстануды жалғастырып келеді. Бұл ретте Компания өзі жұмыс істейтін өңірлердің экономикалық және әлеуметтік дамуына, сондай-ақ елдің әл-ауқатын жақсартуға елеулі үлес қосады.

2025-2034 жылдарға арналған даму стратегиясын жаңартудың және инвестициялық қоғамдастықпен тұрақты диалогты қолдаудың маңыздылығын ескере отырып, Компания алдағы 10 жылға арналған стратегиялық міндеттерді таныстыру және талқылау үшін инвесторлармен және талдаушылармен бірқатар кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Тиісті ақпарат қосымша беріледі.