К 30-летию Независимости Казахстана | 26 қыркүйек 09:10

Қазатомөнеркәсіп АЭХА Бас конференциясына қатысуда

25 қыркүйекте Вена қаласында (Австрия) Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) Бас конференциясының 67-ші сессиясының ашылуы өтті, ол жыл сайын ядролық саланың өзекті мәселелерін талқылау үшін АЭХА-ге мүше 177 ел өкілдерінің басын қосады. Конференция жұмысына Қазақстаннан ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Мұқанов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің, «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК, «ҚР Энергетика министрлігінің Ядролық физика институты» РМК және «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» ЖШС өкілдері қатысуда.

Конференция аясында тақырыптық сессиялар, екіжақты кездесулер, ғылыми форум және Қазақстан павильоны ұсынылған көрме өтеді.

Конференцияның бірінші күні «Үлбі металлургия зауыты» АҚ (Қазатомөнеркәсіптің еншілес кәсіпорны) аумағында орналасқан АЭХА Төмен байытылған уран банкіне (АЭХА ТБУ банкі) арналған сайд-ивент өтті. ТБУ банкі 2019 жылы ядролық отын өндіру үшін шикізаттың кепілді қорымен уранды байыту технологиялары жоқ АЭХА-ге мүше мемлекеттерді қамтамасыз ету мақсатында құрылды.

«Банк ядролық отынды жеткізудің қолданыстағы кепілдіктерінің бірі болып табылады, бірақ ол басқалардан АЭХА-ге тиесілі және бақыланатындығымен ерекшеленеді, демек Агенттіктің қауіпсіздік стандарттарының барлық қолданылатын ережелеріне жауап береді. Мен АЭХА Хатшылығы, Қазақстан, Үлбі металлургия зауыты және басқа да мүдделі тараптар атқарған орасан зор жұмысты атап өткім келеді», - деді АЭХА Бас директорының орынбасары Михаил Чудаков.

 

ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайтуды дәйекті түрде қолдайтынын атап өтті:

«Тәуелсіздігін жарияланған сәттен бастап Қазақстан өзінің халықаралық курсының бейбітшілік сүйер бағытын көрсетіп келеді, бұл еліміздің бағдарларын айқындайды және қазіргі заманғы халықаралық-құқықтық қағидаттарға бейілділігін көрсетеді. АЭХА ТБУ банкін Үлбі металлургия зауытының аумағында орналастыру ең қатаң халықаралық стандарттарға сәйкес келетін қауіпсіздіктің ең жоғары деңгейін тануды, сондай-ақ кәсіпорын қызметкерлерінің тиісті біліктілігі мен тәжірибесінің барын білдіреді».

ТБУ банкінде барлығы 90 тоннаға жуық төмен байытылған уран бар, бұл ҮМЗ-да бұрын өзінің өндірістік қорлары ретінде сақталған уран мөлшерінің 10 пайызынан аспайды.

«Қазақстан – уран өндіру бойынша әлемдік көшбасшы, әлемдік өндірістің 40% - дан астамы оның үлесінде. Біз АЭХА басшылығымен атом энергетикасын бейбіт пайдалануды дамыту идеясын ұстанамыз және жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық күш - жігерді шын жүректен қолдаймыз»,- деді «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

2023 жылы банктегі ТБУ сақтаулы цилиндрлерді қайта сертификаттаудың I кезеңі өтті, ол әлемдік тәжірибеде алғаш рет толтырылған цилиндрлерде өткізілді. Қалған цилиндрлерді қайта сертификаттаудың II кезеңін 2024 жылы өткізу жоспарлануда.

«Отын банктерін құру ядролық саланың жұмыс істеуінің нарықтық тетіктерін бұзбайды және сезімтал технологияларды таратуға қолайлы балама болады. АЭХА ТБУ резервтері бейбіт мақсатта атом энергиясын дамытуға және мемлекеттердің бейбіт ядролық технологияларға қол жеткізуін қамтамасыз етуге ықпал ететін болады. Бұдан басқа, ТБУБ құру АЭХА-ға мүше мемлекеттердің ядролық отын циклі шеңберінде өзінің өндірістік әлеуетін құру құқығына нұқсан келтірмейді. Біз бұл көпжақты тетік саясаттандырылмауы және кемсітушілік сипатқа ие болмауы тиіс, бірақ кепілдіктер туралы келісімдерді сақтайтын барлық мемлекеттер үшін қолжетімді болуы тиіс деп санаймыз», - деп атап өтті Қазатомөнеркәсіптің Басқарма төрағасы Ержан Мұқанов.

АЭХА Бас конференциясының 67-ші сессиясы қыркүйектің 25-інен 29-ына дейін жалғасады. Конференция қорытындысы бойынша әлемдік атом саласын дамыту саласында бірқатар маңызды шешімдер қабылданатын болады.