К 30-летию Независимости Казахстана | 31 мамыр 08:30

Қазатомөнеркәсіп Murager білім беру гранттары бағдарламасын іске қосады

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Murager білім беру гранттарының әлеуметтік бағдарламасын іске асырудың басталғаны туралы хабарлады.

Бағдарлама компания қатысатын аймақтардағы талапкерлерді, колледж түлектерін және бастауыш курс студенттерін қолдауға бағытталған.

«Ауыл жастары үшін қолжетімді жоғары білім үнемі біздің назарымызда. Атом холдингі өңірлердің дамуына және жергілікті халықтың сапалы білім алуына, сондай-ақ техникалық мамандықтарды танымал етуге өз үлесін қосуды жоспарлап отыр. Елдің болашағы – білімді жастар! Мектеп түлектері мен оқу орындарының 1-3 курс студенттерін Қазатомөнеркәсіптің білім беру гранттарын алу үшін конкурстық іріктеуге қатысуға шақырамыз», – деді Қазатомөнеркәсіптің HR және цифрландыру жөніндегі бас директоры Әлібек Алдоңғаров.

Биыл компания уран өндірісі және өндіру, геологиялық барлау, ядролық-отын циклі, ғылыми қызмет, энергетика, экология және қоршаған ортаны қорғау (HSE) сияқты бағыттар бойынша Қазақстанның техникалық университеттері мен колледждерінде 1 жыл оқу құнын жабатын 50 білім беру грантын бөледі. Оқуы үздік болған жағдайда қатысушылар Murager бағдарламасы бойынша келесі оқу жылында да оқуын жалғастыруға мүмкіндік алады. Бірінші жылы фокус Қызылорда, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарына бағытталады, алдағы уақытта қатысушылардың географиясын кеңейту жоспарланып отыр.