Атом холдингінің кәсіпорындары қатысатын өңірлерде әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Игілікті Инкай» бағдарламасы аясында «Инкай» БК» ЖШС уран өндіруші кәсіпорны екі жобаны жүзеге асырды. Біріншісі – Тайқоңыр ауылының тұрғындарын қолжетімді интернетпен қамтамасыз ету жобасы. «KAP Technology» ЖШС мен ұялы байланыс операторының техникалық қолдауымен елді мекенде 3G-байланысы іске қосылып, мобильді интернет жылдамдығы екі есеге артты. Екінші жоба – «Тайқоңырға жедел көлік» деп аталады. 2020 жылдың ақпан айынан бастап апта сайын сейсенбі күндері «Инкай» бөлген автобус «Тайқоңыр-Шолаққорған-Тайқоңыр» бағыты бойынша қатынап, Тайқоңыр кентінің тұрғындарын Созақ ауданының әкімшілік орталығына тегін апарып-әкеледі.
Қазақстандағы Еріктілер жылы аясында «КБ-6» ЖШС-тің жас мамандары әлеуметтік қорғалмаған отбасыларға көмек көрсететін «Жомарт жандар» тобын құрды. Әлеуметтік дүкен жұмысы ұйымдастырылып, мұқтаждарға киім, аяқ киім және қажетті тұрмыстық заттарды тегін үлестіру жолға қойылды. Осы мақсатта адамдар көп шоғырланатын бірқатар қоғамдық орындарда тұрғындардан артық заттарын жинауға арналған жәшіктер орнатылды.
«ҮМЗ» АҚ қызметкерлері Өскемен қаласының балалар үйлеріндегі 23 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға патронаттық тәрбие беруді жүзеге асырған. Кәсіпорын қызметкерлері балаларға әлеуметтік бейімделуге көмек көрсетіп, тәрбиеленушілердің «ҮМЗ» АҚ-да өтетін түрлі корпоративтік, мерекелік, спорттық және өзге де мәдени-көпшілік іс-шараларына қатысуын қамтамасыз етеді.
Жыл сайынғы «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындарының ұжымдары аймақтардағы мұқтаж отбасыларға көмек көрсету үшін киім, аяқ киім, рюкзактар, кеңсе керек-жарақтарын сатып алуға ақшалай қаражат жинайды.
Үстіміздегі жылы Ақмола облысының Ақсу ауылдық округінде «Семізбай-U» ЖШС су тасқынынан қорғайтын 3 бөгетке құм төгіп, құрылыс салу жұмыстарын жүргізді.
2020 жылы атом холдингі оңтүстік өңірде бірқатар бастамаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Қазатомөнеркәсіп Түркістан облысының Созақ ауданында балалардың ойын алаңдарын салуға (Жартытөбе, Аққолтық, Бабата ауылдары), оқушыларды тасымалдау үшін шағын жолаушылар автобусын сатып алуға (Ақсүмбе ауылы), ауылдық клуб аумағын абаттандыруға (Тайқоңыр кенті), көшелердегі жарықтандыру шамдарын ауыстыруға (Тайқоңыр және Қыземшек кенттері) және Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған монумент орнатылатын ҰОС ардагерлері аллеясын салуға (Бабата ауылы) ниетті.
Қызылорда облысының Жаңақорған және Шиелі аудандарында Компания көшелерді жарықтандыруға күрделі жөндеу жүргізуді және қайта жаңартуды, балалар ойын алаңын (Байкенже ауылы) салуды, сондай-ақ «Нәнсай» су бұру арнасы (Бала би ауылы) арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің екі жағына құм жинауды (дамба салуды) жоспарлап отыр.
Жақын болашақта Қазатомөнеркәсіп өзі қатысатын өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамытуға бағытталған бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолға алатын болады, олардың ішінде жалпы пайдаланымдағы жолдарды, балалар ойын алаңдарын, спорт кешендерін салу және жөндеу, сондай-ақ елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру бар.
Айта кету керек, 2020-2022 жылдары Компания Қызылорда облысында ұзындығы 4,8 км болатын автожол өткелі мен автомобиль жолын салуды жоспарлаған. Аталған жоба қауіпті жүк тасымалдайтын автокөліктің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге, сондай-ақ инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған.
Елімізде Төтенше жағдай жарияланған кезеңде Қазатомөнеркәсіп қызметкерлері Қазақстанда пандемияның таралуына қарсы күрес жүргізетін Нұр-Сұлтан мен Алматының медицина қызметкерлеріне бір күндік жалақысын аударды. Жиналған қаражат дәрігерлерді материалдық ынталандыруға, қажетті жабдықтар мен жеке қорғану құралдарын сатып алуға жұмсалды.
Қазатомөнеркәсіп өзінің әріптесі – француздың мемлекеттік Orano компаниясымен бірге «Катко» ЖШС (Катко) қазақстан-француз бірлескен кәсіпорны арқылы пандемиямен күрес жағдайында халықтың мұқтаж топтарын қолдау мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Birgemiz қоғамдық қорына 50 миллион теңге аудару туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, Катко Түркістан облысы мен Шымкент қаласының ауруханаларына 100 миллион теңгеге 6 ИВЛ аппаратын сатып алды. Коронавирус ауруымен ауыратындарды емдеуге қажетті бұл медициналық жабдықтар АҚШ-тан жақын арада жеткізілмек.
Сондай-ақ, Қазатомөнеркәсіптің басқа кәсіпорындары да жергілікті халыққа (азық-түлік, бірінші кезекте қажетті заттар, бетперделер мен антисептиктер) және COVID-19 таралуына қарсы күреске қатысатын медицина қызметкерлеріне көмек көрсетіп келеді.
Осылайша, атом холдингінің кәсіпорындары әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық даму, өз қызметкерлерінің, сондай-ақ уран өндіретін өңір тұрғындарының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі жобаларды жүзеге асыра отырып, ESG (экология, әлеуметтік жауапкершілік, басқару) қағидаттарын ұстануды жалғастыра береді.