К 30-летию Независимости Казахстана | 20 шілде 13:07

Қазкөліккәсіп 30 жылдығына арналған шағын футбол турнирі аяқталды

Магистральдық желі дирекциясына қарасты құрылымдық бөлімшелер арасында Көлік қызметкерлері күні қарсаңында ұйымдастырылып, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның 25 жылдығы мен «Қазкөліккәсіп» ҚБ 30 жылдығына арналған шағын футбол турнирі аяқталды.

Дирекцияның құрылымдық бөлімшелерінен барлығы 9 команда қатысқан ойын іріктеле келе, финалға 4 команда шықты. Жол және құрылыс департаменті мен «Нұрлы жол» темір жол вокзалы кешені командаларының сайысында жолшылар мерейі үстем болды. 

Келесі кезекте дирекцияның қаржыгерлері мен заңгерлері арасында бірінші орынға таласқан тартысты ойын болды. Екі команда футболшылары да осал емес екендіктерін танытып, жеңісті қолдан бермеуге барын салып бақты. Екі жақтың тайталасы бітпесін білген тәуелсіз төреші таяп қалған уақыттың соңғы минуттарын пенальтиге арнап, сол арқылы жеңімпазды анықтауға шешім қабылдады. Бұл енді шешуші кезең еді. Заңгерлер қаржыгерлер командасына бір гол салса, қарсыластар дереу ұпайды теңестірді.

 

Осылайша, алма-кезек гол салу жалғасып жатты. Ертелі-кеш біреуінің қателікке ұрынарын білетін жанкүйерлер демдерін ішке тартып, аңдысын аңдып отырды. Бір мезет... иә, көпшілік күткен қателікке қаржыгерлер командасының ойыншысы ұрынды. Ол тепкен доп қақпаға кірмей, қақпаның жоғарғы тіреуішіне тиді. Сонымен ойын нәтижесі бойынша 1-орынды дирекцияның заңгерлер командасы қанжығасына байлап, ауыспалы Кубоктың иегері болса, екінші орынды қаржы, инвестициялық жоспарлау және техникалық даму департаменттерінің қызметкерлерінен құраған команда еншіледі. Ал үшінші орын Жол және құрылыс департаментінің командасына бұйырды. Барлық жеңімпаз командалар грамоталармен және медальдармен марапатталды.

Сондай-ақ, «Үздік қақпашы» аталымы бойынша Бақыт Сүлейменов (ЦФК), ал «Үздік қорғаушы» болып Бағдат Әбілқасымов (ЦП) танылса, қақпаға көп гол салған «Үздік шабуылшы» ретінде Асхат Шопабай (ЛЖС) анықталды. Оларға құрмет грамоталарымен қатар француз үйіне сертификат табысталды. 

«ҚТЖ» ҰҚ» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалы директорының вокзал шаруашылығы жөніндегі орынбасары Абай Досанов мұндай спорттық жарыстар салауатты өмір салтын ұстанумен қатар дирекция қызметкерлері арасында корпоративтік рухты нығайтып, достастықты күшейтетінін жеткізді.

Сұлугүл Бакесова,

Дереккөз: «Қазақстан теміржолшысы»