Мұнай-газ саласындағы мәселелерді талқылау алаңы ретінде Қызылорда облысының таңдалуы кездейсоқ емес. Аймақта мұнай өндірісі негізгі кен орындарында қордың сарқылуына байланысты азая түсуде. 2013 жылы Қызылорда облысында мұнай өндіру деңгейі 11 млн тонна болса, 2023 жылы 4 млн тоннадан аз мұнай өндірілді. Болжам бойынша, биыл мұнай өндіру көлемі шамамен 3%-ға дейін төмендейді (биыл 3,6 млн тонна мұнай өндірілетін болады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 100 мың тоннаға аз).
Геологиялық барлау жұмыстарын арттыру, жаңа аумақтарды зерттеу, мұнай қорларын толықтыру және инновациялық технологияларды енгізу мақсатында ҚМГ өңірдегі негізгі серіктестерінің бірі CNPC-мен бірлесіп жұмысты жандандырады.
Асхат Хасенов Оңтүстік Торғай мұнайлы-газды атырабының даму мүмкіндігі зор, терең зерттеулерді қажет ететінін атап өтті. «Шөгінді бассейндерді кешенді зерттеу» деректері бойынша Оңтүстік Торғай алабының қоры 3,2 млрд тоннадан асады деп болжанады. Көмірсутектер қорын толықтыру басты мәселелердің бірі. Бұл толық ауқымды геологиялық барлау жұмыстары мен халықаралық әріптестермен ынтымақтастықта жаңа технологияларды қолдану арқылы мүмкін болмақ.
«Оңтүстік Торғай мұнайлы-газды атырабы – геологиялық барлау жүргізу үшін жаңа әрі перспективалы, зерттеу мен инновациялық тәсілді талап ететін өңірлердің бірі. Палеозой шөгінділерінің терең қабаттарын зерттеу арқылы көмірсутек қорын толықтыру – біздің басты міндетіміз. Бұл – тығыз ынтымақтастық пен озық технологияларды талап ететін күрделі, бірақ орындауға болатын жұмыс», – деп атап өтті Асхат Хасенов.
Жаңа кен орындарын ашу үшін геологиялық барлау көкжиегін Солтүстік Торғай, Шу-Сарысу және Сырдария тәрізді аз зерттелген бассейндерге дейін кеңейту қажет. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компания ретінде ресурстық базаны дамытуға ерекше көңіл бөледі, оның ішінде Қызылорда өңірі де бар. Биыл мамыр айында ҚМГ Торғай палеозой учаскесінде өз қаражатына 5 500 метр тереңдікте ұңғыманы бұрғылауды бастады. Бұрын бұл аймақта дәл осындай тереңдікте ұңғыма бұрғыланған емес.