Келіссөздер барысында тараптар ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін және өзара жұмыстың басым бағыттарын талқылады.
Атап айтқанда, кездесуде Қашаған кен орнын игеруде мемлекет пен шетел инвесторларының экономикалық мүддесін сақтай отырып, алдағы игеру кезеңдерін кенішті пайдаланудың оңтайлы ұзақ мерзімді стратегиясына сәйкес жүзеге асыру маңыздылығы туралы айтылды.
Бұдан бөлек, электр энергиясын жинақтаушы жүйесі бар, жалпы қуаты 1 ГВт гибридтік жел электр стансасын салу мен пайдалануға беру жобасы талқыланды.
Ұлттық компания басшысы екі компания арасындағы ынтымақтастықтың болашағы жайында сөз қозғап, әлемдегі геосаяси тұрақсыздық кезінде стратегиялық маңызы бар өндірістік нысандардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мәселесіне жіті назар аударды.
Өз кезегінде, Жульен Пуже компаниялар арасында қалыптасқан іскерлік қарым-қатынасқа жоғары баға беріп, TotalEnergies «ҚазМұнайГаз»-бен мұнай тасымалдау, Қашаған кен орнын дамыту, баламалы энергетика жобалары және басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастығын жалғастыратынын атап өтті.