Нью-Йорк қаласында (АҚШ) «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Chevron-ның еншілес компаниясы «Шеврон Мұнайгаз Инк» арасында тауарларды локализациялауды дамыту, кадрларды даярлау және мұнай-газ саласындағы құзыреттерді кеңейту бойынша ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Құжатқа ҚМГ басшысы Асхат Хасенов пен Шевронның Еуразия бөлімшесінің президенті Дерек Магнесс қол қойды.
Бұл келісім аясында компаниялар басым бағыттар бойынша стратегиялық өзара іс-қимылға ерекше мән беретін болады, соның ішінде жергілікті қамтуды дамыту, технологияларды біріктіру және мамандардың біліктілігін арттыру бар. Келісім бойынша инвестицияның болжамды сомасы шамамен $130 млн құрайды.
— Осы келісім ҚМГ мен Chevron арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге жол ашады деп сенемін. Екі компания көп жылдан бері стратегиялық серіктес ретінде табысты жұмыс істеп келеді. Теңіз, Қарашығанақ және Каспий құбыр консорциумы сияқты бірлескен жобалар Қазақстан экономикасының дамуына қомақты үлес қосуда. Өндіріс тиімділігін арттыру, заманауи технологияларды және өнеркәсіп қауіпсіздігінің озық стандарттарын енгізу бағыттарындағы жұмысты жалғастырамыз, — деді А.Хасенов. — Қол қойылған келісім — ҚазМұнайГазбен серіктестікті одан әрі дамытудағы маңызды қадам. Ол жергілікті қамту көлемін ұлғайтудан бастап, технологиялық инновациялық шешімдерді енгізу мен кадрларды даярлауға дейінгі негізгі бағыттар бойынша өзара ынтымақтастыққа деген ортақ ұмтылысымызды көрсетеді. Бұл бастамалар ашықтық, адалдық және тұрақты даму қағидаттарына сүйене отырып, Қазақстанның энергетикалық болашағын қамтамасыз етуге негізделген, — деп атап өтті Д.Магнесс.