Меморандум мұнай-газ саласында серіктестік аясын кеңейтуге бағытталған және қос тарап үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Компаниялар Каспий теңізінің түрікмен секторында көмірсутек ресурстарын геологиялық барлау, игеру және өндіру саласындағы перспективті жобаларды бірлесіп зерттеп, іске асыратын болады. Басты міндеттердің бірі — өндіру тиімділігін арттыру үшін теңіз бұрғылау қондырғыларын пайдалану және осы бағыттағы тәжірибе және озық технологиялармен алмасу.
Сонымен қатар қабылданған меморандум — Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы энергетика саласында ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Аталмыш құжат екі елдің ұзақ мерзімді және өзара тиімді серіктестікке ұмтылысын айқындайды.
Айта кетсек, бұдан бұрын ҚМГ еншілес компаниясы — «KMG Drilling&Services» ЖШС Каспий теңізі түрікмен секторында бұрғылау қызметтерін көрсетуге Dragon Oil Turkmenistan Ltd. компаниясымен келісімшарт жасасқан болатын. Бұл келісім аясында Шелекен кен орнында Қазақстанның «Satti» өзі көтерілетін қалқымалы бұрғылау қондырғысы алғаш рет пайдаланылатын болады.