Ұлттық киім киіп келген қызметкерлер мейрамға ерекше көрік беріп, қазақ дәстүрі мен мәдениетіне деген құрметін көрсетті. Мемлекет басшысы жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында бұл іс-шара дәстүрлі мереке элементтері мен заманауи технологиялар үйлесімін тапқан «Цифрлық Наурыз» форматында өтті.
Жасанды интеллектінің көмегімен цифрлық форматта құттықтау айтылып, бата берілді, ал роботтар ұлттық тағамдарды таратты. Сонымен қатар Наурызнама аясында ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ҚМГ тобы қызметкерлерінің жасаған қолөнер бұйымдарының қайырымдылық жәрмеңкесі ашылды. Бұл жерде суреттер мен түрлі декоративті бұйымдар ұсынылған.
Жәрмеңкеден түскен барлық қаражат ерекше балаларды қолдауға арналған «Балам-ай» қайырымдылық қорына аударылады. Мұндай игі шара компанияның жыл сайынғы дәстүріне айналып, қызметкерлерді ізгілік пен қолдау көрсету идеялары төңірегінде біріктіреді.