Өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетовпен кездесуі барысында аймақтағы ҚМГ кәсіпорындарының эпидемиологиялық ахуалын, сондай-ақ коронавирус індетімен күрес аясында көрсетіліп жатқан демеушілік көмек мәселелерін талқылады.
«Атырау өңіріндегі біздің еншілес кәсіпорындар облыс әкімдігімен өзара ынтымақтаса отырып, халыққа және медициналық мекемелерге көмек көрсету үшін қомақты қаражат бөлуде. Мысалы, «Ембімұнайгаз» кәсіпорны 300 млн теңге бөлді. Бұл қаражатқа медициналық құрал-жабдық пен дәрі-дәрмек, сонымен қатар карантиндік станционарларға азық-түлік, тұрмыстық техника, гигиеналық заттар және жеке қорғаныс құралдары сатып алынды. Қазіргі қысылтаяң шақта жан-жақты көмек көрсету – әркімнің борышы деп білеміз», – деді А. Айдарбаев.
Сондай-ақ, ҚМГ басшысы өңірдегі еншілес компаниялар басшыларының қатысуымен селекторлық жиналыс өткізді. Жиналыста ағымдағы қызметтің, дағдарысқа қарсы стратегияның іске асырылу, пандемиямен күрестің және санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың қатаң орындалуы мәселелері талқыланды. Алик Айдарбаев коронавирус инфекциясы мен пневмониядан қайтыс болған қызметкерлердің отбасыларына және туған-туыстарына көңіл айтып, науқастанған әріптестеріне тезірек сауығып кетуін тіледі.
ҚМГ Басқарма төрағасы Атырау мұнай өңдеу зауытына да барып, жоспарлы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты және АМӨЗ жанында мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаты бойынша құрылған жаңа медициналық орталықты қарап шықты. Заманауи медициналық жабдықпен жабдықталған медициналық орталықта зауыт қызметкерлері кәсіпорын аумағынан шықпай-ақ білікті медициналық көмек ала алады. Орталықта оқшаулау аумағы бар екенін ерекше атап өткен жөн. Бұл жерге Covid-19 белгілері анықталатын қызметкерлер бірден жіберілетін болады.
А. Айдарбаев зауыт басшылығының назарын Атырау қаласы тұрғындарының шағымдарына аударды.
«Тұрғындар қаланың сол жағалауында «Сасық сай» деп аталып кеткен, булану алқаптарынан шығатын жағымсыз иіске қатысты наразалықтарын талай білдірген болатын. Бұл мәселеден хабардармыз. Бірақ ашығын айтатын болсақ, «Сасық сайға» ағынды су екі жерден келеді – бірі қаладан, екіншісі Атырау мұнай өңдеу зауытынан. Лас судың басым бөлігі ондаған жылдар бойы қалалық кәріз ағындыларынан келуде, ол ешқандай тазартудан өтпейді. Ал зауытта барлық қажетті нормалар мен талаптарға сай механикалық және биологиялық тазарту құрылыстардың орнатылғанына біраз уақыт болды. Оның үстіне, олар үнемі жаңартылып отырады. Әрине, біз әлеуметтік жауапты компания ретінде осы алқапты қалпына келтіру жұмыстарына қатысамыз, өңірдің қоршаған ортасына, оның халқына барынша қамқорлық көрсетеміз. Дегенмен, тұрғындар бүгінгі мәселенің түп тамырын түсінуге тиіс. Сондықтан аймақтағы қоғам белсенділерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, зауыттың атқарып жатқан жұмысын тұрақты түрде түсіндіру қажет», – деп тапсырды ҚМГ басшысы.
Өз кезегінде «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры Ш. Данбай «Tazalyq» жобасын іске асыру барысы туралы баяндады. Оның берген ақпараты бойынша механикалық тазарту құрылымдарын реконструкциялау жөніндегі жобалау-іздестіру жұмыстары 90%-ға орындалды, ал биологиялық тазарту құрылымдарын жаңғырту бойынша инженерлік ізденістер жүргізілді. Булану алқаптарын қалпына келтіру жобасының жобалау-іздестіру жұмыстары 60%-ға атқарылды.
Сонымен қатар, ҚМГ басшысы жұмыс сапары кезінде KPI – Интеграцияланған газ-химиялық кешенінің құрылыс алаңына барды. Бүгінгі таңда жобаның құрылысы 73,5%-ға орындалды. Нысанда бетондық жұмыстар, жерасты және жерүсті құбырлардың монтажы, металл құрылымдарының, сэндвич-панелдердің, су сақтауға арналған резервуарлардың монтажы және т.б. жұмыстар жүруде. Түрлі нысандар бойынша құрылыстың дайындығы 51 пайыздан 97 пайызды құрайды. Ең төменгі көрсеткіш құбыр тораптарын дайындау және технологиялық құбырлардың монтаждау жұмыстарына тиесілі. Бұл елде енгізілген карантин тәртібімен байланысты. Себебі жұмысшылардың бір бөлігі қашықтан жұмыс істеу әдісіне көшірілді. Сонымен қатар, әуе тасымалының тыйым салуына байланысты аса күрделі жұмыстарды және арнайы жабдықтың монтажын орындайтын шетелдік мамандар елімізге келе алмады.
Еске сала кетейік, интеграцияланған газ-химиялық кешенінің жобасы ҚМГ басқаруына 2018 жылдың маусым айында берілді. Сол уақыттан бері құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Кешен жылына 500 мың тонна дейін полипропилен өндіруге мүмкіндік береді.