К 30-летию Независимости Казахстана | 14 октября 12:33

ҚазМұнайГаз сейсмикалық барлаудың озық технологияларын енгізуде

 

ҚМГ еншілес ұйымы «Ембімұнайгаз» АҚ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар аясында Атырау облысындағы Гран кен орнында STRYDE деректерді тіркейтін инновациялық сымсыз жүйесін қолдануда. Жүйе әлемдегі ең ықшам және өте жеңіл 150 грамм салмағы бар автономды қабылдағыштардан тұрады. Олар экстремалды температураға төтеп бере алады және 28 тәулік бойы қуаттауды қажет етпестен, деректерді үздіксіз тіркей алады. Жан-жақты талданған және сапалы ақпарат алуға 4 сағат қана қажет.

Бұл сейсмикалық барлау деректерін жинау мен өңдеуге енгізудің жеделдігін айтарлықтай арттырады. Бір маман өзімен бірге 90 қабылдағышты алып, қондыра алады. Жалпы жүйе жоғары тығыздықтағы бақылау желісін орналастыруды жеңілдетеді. Бұл ретте тартылатын қызметкерлер саны 50% дейін азаяды, өнімділік 4 есе артады, дала жабдығының салмағы 20 есе азаяды, дала техникалары бұрынғыдан 80% аз тартылып, дала жұмыстарының уақыты орта есеппен 30% қысқарады.

Сонымен қатар жүйені пайдалану кезінде кабельдік инфрақұрылым мен көлемді техника қолданылмайды, барлау жұмыстарының шығыны және қоршаған ортаға әсер азаяды, өндірістік қауіпсіздік деңгейі артады.

 

Жобаны іске асыруға С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ университетінің жас мамандары жұмылдырылған, бұл тұтастай қазақстандық кадрлардың және ғылыми-практикалық базаның кәсіби дамуына ықпал етеді.

Қазіргі заманғы сейсмикалық деректер ескі мұнай-газ кен орындарын жаңаша бағалауға және олардың өнімділік циклін ұзартуға мүмкіндік береді. ҚазМұнайГаз «Гран» жобасын инновацияларды одан әрі енгізу үшін негіз болатын ғылым мен технологиялар синергиясының практикалық үлгісі ретінде қарастырады.

Анықтама Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ жанындағы «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы» қорымен, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ университетімен және британиялық STRYDE технологиясының Қазақстандағы және Орталық Азия елдеріндегі ресми өкілі — «Samga Petroleum» ЖШС-мен ынтымақтастықта жүзеге асырылуда.