Тараптар Атырау облысында жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіруге қауқарлы зауыт салу жобасының іске асырылуын талқылады.
«Ортақ күш-жігеріміздің арқасында Қазақстанда ең ауқымды газ-химия жобасын табысты іске асыратынымызға сенімдімін. Бұл жоба ел экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие, сондай-ақ ҚазМұнайГаздың ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарына жауап береді», — деп атап өтті ҚМГ басшысы М.Мырзағалиев.
Полиэтилен өндіретін болашақ зауыттың жобалық қуаты — жылына 1,25 млн тонна. Кәсіпорын Қарабатандағы арнайы экономикалық аймақтың аумағында Теңіз кен орнына (Атырау облысы) жақын жерде салынатын болады.
Былтыр 17 қазанда Бейжің қаласында Қазақстан Президентінің қатысуымен ҚМГ, СИБУР және Sinopec полиэтилен өндіру жөніндегі жобаға қатысу үлесін сатып алу-сату шарттарына қол қойған.
Полиэтилен бірқатар тұрмыстық, өнеркәсіптік өнімдер мен тауарлар өндірісінде қолданылады, мысалы, полиэтилен құбырлары, құрылыс және орау материалдары, автокомпоненттер және басқалар.