К 30-летию Независимости Казахстана | 28 маусым 13:32

«ҚазМұнайГаздың» IPO-сы 2022 жылы өтеді

Бүгін V «Astana Finance Days» конференциясы аясында «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның IPO-сын 2022 жылы өткізетінін жариялады. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ акцияларын бастапқы орналастыру AIX және KASE алаңдарында жүргізілетін болады.

Осы мақсатта Қор «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, қазақстандық жетекші инвестициялық банктерді тартты.

Қор «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның IPO-сын Қазақстанның барлық тұрғындары үшін қолжетімді етуді, сондай-ақ жеке және институционалдық инвесторларды барынша қамтуды жоспарлап отыр.

«Халықты барынша тарту мақсатында, біз Қазпоштаның, биржалардың және брокерлердің цифрлық инфрақұрылымын пайдалануды жоспарлап отырмыз. Мысал үшін, акцияларды үйден шықпай-ақ мобильді қосымшаларды пайдалана отырып, сатып алуға болады, ал шалғай өңірлер үшін – Қазпошта бөлімшелерінің қызметтері пайдаланылады», - деп атап өтті Алмасадам Сәтқалиев.

Алмасадам Сәтқалиев өз сөзінің соңында барлық қазақстандықтарды еліміздің жетекші мұнай-газ ұлттық компаниясының акцияларын сатып алуға қатысуға шақырды.