Әлеуметтік маңызы бар өнім халық арасында үлкен сұранысқа ие. Әлеуметтік карталарға күніне орташа алғанда 600-ге жуық өтінім жолданады. Шығарылған карталардың көлемі өткен жылдың наурыз айымен салыстырғанда 2,8 есе артты. Бүгінде көп функционалды картамен 265 мыңнан астам адам қолданады.
«Қазпошта» АҚ әлеуметтік картасының өңірлерге байланысты төлем, көлік, жеңілдік тәрізді функционалдары бар. Оның арқасында жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыны және шәкіртақыны алып, қоғамдық көліктің ақысын төлеуге мүмкіндік бар. Кейбір өңірлерде оқушылар әлеуметтік карталардың көмегімен білім ордасына кіреді және мектеп асханасында төлем жасай алады. Сонымен бірге оларға балалар тарифі бойынша қоғамдық көлікте жүру мүмкіндігі қарастырылған.
Әлеуметтік карталардың иелері post.kz сайтында жеңілдік рецептісі бойынша жазылып берілген және алынған дәрілерді қарай алады. Сонымен бірге жұмсалған ақшаның бір бөлігін қайтарып алу мүмкіндігі бар. Дәріханаларда, дүкендерде, сауда орталықтарында әлеуметтік карта арқылы жасалған төлемдер үшін кэшбэк қарастырылған.
Әлеуметтік картаны кез келген қазақстандық тұрғын қолдана алады. Оны шығаруға рost.kz арқылы онлайн өтінім жолдау қажет немесе «Қазпошта» АҚ кез келген бөлімшесіне жүгінуге болады.
Сонымен бірге Қостанай облысында 2021 жылдың 29 наурызында таңғы уақытта балалардың әлеуметтік картасына сұраныстың күрт артуына байланысты кезектің туындауына тоқталып өтсек. Бұл жағдай ата-аналардың 1 сәуірге дейін балаларға арналған әлеуметтік карталарды алуға талпынуына байланысты туындады. Себебі жергілікті атқарушы орган қоғамдық көлікте сәуірдің бірінен сараланған тарифті енгізуді жоспарлаған болатын.