Қазпошта биылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанның барлық аумағындағы ауылдар мен аудан орталықтарында тест режимінде мемлекеттік және әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Шілде айында елді мекен тұрғындары ұлттық пошта операторының жаңа қызметіне 6,5 мың рет жүгінген. Шалғай ауылдар мен аудандардың тұрғындары облыс орталығына бармай-ақ, өздеріне қажетті қызметтерді жергілікті пошта бөлімшелерінен алу мүмкіндігіне ие болды. Нәтижесінде олар өз уақыттары мен ақшаларын үнемдейді.
Қазпошта ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау үшін әлеуметтік маңызы бар жобаны жүзеге асыруда. Бүгінде мемлекеттік және әлеуметтік қызметтер автоматтандырылған пошта бөлімшелерінде, соның ішінде шалғай елді мекендерде көрсетіледі. Елді мекендерде Қазпошта көбіне тұрғындарға қызмет көрсететін жалғыз мекеме болып табылады. Компанияның кең филиалдық желісі бар екенін ескере отырып, ауыл тұрғындарына мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды әлеуметтік міндет болып табылады.
Еліміздің барлық өңірлеріндегі пошта бөлімшелерінде 628 мемлекеттік және әлеуметтік қызметті алуға болады.
Атап өткен жөн, Қазпошта осы жылдың көктемінде Шығыс Қазақстан облысында «Мемлекеттік және әлеуметтік қызметтердің әмбебап агенті» пилоттық жобасын қолға алды. Оның аясы кеңейтіліп, жоба еліміздің басқа өңірлерінде де қолданысқа енді. Ұлттық пошта операторының жүзеге асыратын жобалары аудан орталықтарында және ауылдарда тұратын қазақстандықтардың қажеттіліктерін өтеуге бағытталған. Бүгінде елді мекендердегі пошта бөлімшелерінде депозиттер мен кредиттер рәсімдеуге, коммуналдық төлемдерді төлеуге, теміржол билеттерін сатып алуға, косметикалық бұйымдарға тапсырус беруге болады. Сонымен бірге алдағы уақытта смартфондар мен гаджеттерді қолма-қол ақшаға және бөліп төлеу мүмкіндігі ұсынылады. Бұл қызметтер ауыл тұрғындары тарапынан сұранысқа ие және қалаларға баруды қажет етпейді.