К 30-летию Независимости Казахстана | 19 наурыз 10:32

Қазпошта цифрландыру қарқынын жоғалтпайды

Егер бүгінгі цифрландыру үрдісі өз қарқынын жоғалтпаса, алдағы 10 жылда пошта бөлімшелері толық жабылып қалуы ғажап емес. Жабылғанда қалай, ең бастысы тұтынушыға жылдам әрі ыңғайлы қызмет көрсету айрықша назарда ұсталып, Компания өз табысын көтеруге ұмтылады. Тиісінше кіріс жақсы болса, ұжымға да қолайлы әлеуметтік жағдай жасалады. Бүгін "Самұрық-Қазына" АҚ қабырғасында өткен баспасөз мәслихатында "Қазпошта" АҚ Басқарма төрағасы осындай ойын жеткізді.

"Осыдан 3 жыл бұрын әрі кетсе 4-5 миллион сәлемдеме жеткізетін болсақ, қазіргі кезде оның саны 20 миллионға жақындады. Бұл жерде атап өтерлігі, ешқандай қосымша адам күшін тартқан жоқпыз. Бәрі автоматтандыру мен цифрландыру жұмыстарының арқасында жүзеге асты. Заман талабы сол, сайт, мобильді қосымша сынды құралдар аясында онлайн қарым-қатынасқа көшіп жатырмыз. Бөлімшеге келіп әуре болмайсыз, тек сәлемдемені алу қажеттілігі туындамаса. Әлемдік трендке қарасақ, 10 жылда Қазпоштада бөлімшелердің болмауы мүмкін. Тіпті сәлемдемені беруді де болашақта оператордың орнына арнайы құрылғы қамтамасыз етсе таңғалмаңыз", - деп жауап берді Сәкен Сәрсенов SK News тілшісіне. 

Жалпы, Компанияның өткен жылдың маңызды жетістіктерінің ішінде - франчайзингтік бөлімшелер желісін, цифрлық кеңселерді, онлайн қызметтерді дамытуы және дрондармен жеткізілетін мерзімді басылымдардың көлемін өсіру жайы келтірілді. 2019 жылға "Қорғас" ШЫХО-дағы кеден қоймасының ашу, Қытайдан Еуропаға және Орталық Азияға пошталық жөнелтілімдердің транзитін, электрондық коммерция мен франчайзингтік желіні, сондай-ақ цифрлық жобаларды дамыту сияқты басты мақсаттар белгіленген.

"2018 жылы "Қазпошта" АҚ 54 млрд 500 млн теңге табыс тапты. 2017 жылмен салыстырғанда, кіріст 11%-ға өсті. Таза пайда 272 млн теңгені құрады. Ұлттық пошта операторы клиенттерге 18 миллион 500 мың сәлемдеме жеткізді, олардың 4,7 млн ішкі нарыққа келеді. Өткен жылдың маусымында серіктестік желісін іске қосып, 160 франчайзи кәсіпкерлерін серіктестікке тарттық. Жөнелтілімдерді тез арада өңдеп, оларды жеткізу уақытын барынша қысқарту үшін, сондай-ақ мүмкіндігінше ыңғайлы бақылауды жүзеге асыру үшін біз жақында жаңа есепке алу пошта жүйесін іске қостық", - деп хабарлады Сәкен Сарсенов.

Барлық процестерді оңтайландыру нәтижесінде, сәлемдемелерді жеткізу уақыты айтарлықтай төмендемек. Мысалы, Қазақстан бойынша ол 4 күнге дейін қысқартылмақ.

Сондай-ақ, 2018 жылы "Қазпошта" АҚ пилотсыз дрондар арқылы поштаның жеткізілімін 10 есе арттырған. 

Бондтық қоймаға қатысты кеден заңнамасына енгізілген өзгерістер таяу уақытта "Қорғас" ШЫХО аумағында кеден қоймасын іске қосу мүмкіндігін бермек. Қойма арқылы Еуропа одағы мен Орталық Азияға транзитпен халықаралық пошта жөнелтімдерін жіберу жоспарланып отыр. Бұл, мамандардың сендіруінше, авиатасымалды 4-5 күнге дейін, ал Еуропа одағы елдеріне жолтасымалын 7-12 күнге дейін қысқартады.

"Кәсіпкерлер 2019 жылды экспортты жеңілдету жылы ретінде есте сақтап қалады деген ойдамыз. Жақын арада Дүниежүзілік пошта одағының құжаттарын кедендік рәсімдеуде тауарларлық декларация ретінде қолдануға қатысты заңнамаға түзетулер күтілуде. Бұл заңды тұлғалар үшін тауарлардың жеңілдетілген экспорты қызметін енгізуге мүмкіндік береді. Яғни, экспортталған тауарларды тіркеу кезінде клиенттің бүкіл жұмысы пошта бөлімшесінде іске асып, небары бірнеше минутты құрайтын болады. Біз кеден органдарында экспортты тіркеу жұмыстарын, жөнелтушілердің қатысуынсыз жүргізетіндей өз мойнымызға аламыз", - деп қорытындылады "Қазпошта" АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов.