К 30-летию Независимости Казахстана | 10 қыркүйек 09:48

«ҚазТрансОйлдағы» Тәуелсіздік құрдастары

Биыл Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуде. Мұнай тасымалы саласы қызметкерлерінің көбісі үшін бұл мерекенің маңызы зор, себебі осы жылдар ішінде отандық мұнай тасымалы үлкен өзгерістерді өткерді. Бүгінгі күні Қазақстанның дамуына өз үлесін қосуға дайын мұнайқұбыршылардың жаңа буыны өсіп келеді.

Жасұлан Мамедниязов: Ауылым – алтын бесігім

Тәуелсіздік құрдастары еліміздің мұнай тасымалы саласының өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Солардың бірі – Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы апаттық-қалпына келтіру пунктінің желілік құбыршысы – Жасұлан Мамедниязов.

 

Жасұлан 1991 жылы Маңғыстау облысы Сай-Өтес ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын  2009 жылы бастаған, яғни «Бейнеу» желілік өндірістік - диспетчерлік станциясына қарасты «Сай-Өтес» мұнай қыздыру станциясына тауар операторы қызметіне қабылданған. Бір жылдан соң  желілік құбыршы  мамандығына ауыстырылған.  

«Жаңадан келген жас маман ретінде ұжым мықты қолдау білдірді. Желілік құбыршы – аса жауапты мамандық. Құбыр жөндеудегі жұмыстардың қыр-сырын үйретіп, бастапқыда бағыт берген тәлімгерлерім – «Сай-Өтес» мұнай қыздыру станциясының  аға шебері Мұрат Ермұхановқа, желілік құбыршылар Жұмат Тайбағаров пен  Қуанғали Әлібекке алғысым зор», – дейді Жасұлан. 

2018 жылы  Жасұлан Мамедниязов апаттық -қалпына келтіру пунктінің борт операторы қызметіне ауыстырылған.

«Бұл да бір қызық кезеңдер болды. Жұмысымды   әуеде жүзеге асырдым. Аптасына 2 рет тікұшақпен ұшып,   құбыр бойын, мұнай құбыры нысандарының жағдайын қарап, мұнайдың апаттық төгілу немесе күзет аймағының бұзылу жағдайлары бар ма, жоқ екенін бақылап байқадық. Ал  2021  жылы  апаттық-қалпына келтіру пунктінің желілік құбыршысы жұмысына қайта оралдым», – деп сабақтады әңгімесін біздің әріптесіміз.   

Жасұлан Мамедниязов мұнайқұбыршылар әулетінен шықтым. Әкесі – Ермек Мамедниязов кезінде «Сай - Өтес» мұнай қыздыру станциясының  бастығы болған, мұнай тасымалы саласының дамуына зор үлесін қосқан. Бүгінгі күні Жасұлан әке жолына түскен. Әріптесіміз жастайынан спортқа әуес болып өскен. Мектепте   күрес сайыстарына қатысқан, қазір волейболдан басқарма намысын спартакиадаларда қорғауда. 

Жасұлан туған ауылының тұрмысына етене араласады. Оның өркендеуіне жастарымен бірге үлес қосуда. 2018 жылы Сай-Өтес ауылындағы кіре беріс жолдарды, прожектор шамдарын жөндеу сияқты жұмыстарға қатысқан.

«Ауылым – алтын бесігім» деп білем. Әр адам өз ауылының көркеюіне үлесін қосуы керек.  Елге қызмет – кішкентай ауылыңнан басталады. Соңғы жылдары Ақтауға қоныс аударсақ та, мен үшін туған ауылымның орны бөлек. Еліміздің дамуына қосқан кішкентай үлесіміз әрбір адамның игі ісінен басталады», - деп атап өтті Жасұлан Мамедниязов. 

Әріптестер пікірі:

Талғат Нұрмұханов, Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы апаттық қалпына келтіру пунктінің аға шебері:

Жасұлан – біздің арамыздағы жас мамандардың бірі.  Жұмысқа асқан жауапкершілікпен қарайды. Өзі жігерлі әрі қайратты. Бұл – біздің ауыр жұмысымызда өте керек қасиеттер. Көптеген маңызды жобаларға қатысып, үлесін қосуда. Мәселен, биыл «Жетібай» мұнай айдау станциясындағы сүйемел сорап станциясын іске қосу жұмыстарына қатысты. Жастарға бағыт беріп, білгенімізбен бөлісу – міндетіміз. Жауапты жұмыстың қыр-сырын айтып отырамыз.  Жасұлан сол айтқандарымызды лезде санасына сіңіреді, білімге ұмтылысы зор.  Жасұлан сияқты жастарға ерекше үміт артамыз.

Буран Кунаров, Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы апаттық- қалпына келтіру пунктінің желілік құбыршысы:  

«Жасұлан – ақкөңіл, ашық, ортада тез тіл табысады. Осындай қасиеттері үшін бағалаймын.  Бірде екеуміз құбыр бойындағы жұмыстарға шықтық. Жанымызда жүргізуші бар. Далада үйірінен қалып қойған жалғыз жылқыны кезіктірдік. Сөйтсек аяғы 10 метрлік  сымға оратылып, қанталап, жүре алмай тұр екен. Жасұлан бірден сол жылқыны құтқаруға бел шеше кірісіп кетті.  Жанына бөтен адамды жолатпай тебініп тұрса да, әлгі жылқыны сымнан босатып, құтқарып қалдық. Әйтпесе не боларын кім білсін? Жылқы сол жерде өліп те қалар еді… Өз басым, сол кезде Жасұланның сондай тәуекелшіл ер мінезділігіне және жанашырлық қасиеттеріне риза болдым».

Нариман Жұмжұманов: Тәуелсіздіктің басты сыйы отбасым

Тәуелсіздік құрдастарының тағы бірі – Павлодар мұнай құбыры басқармасының тіректі апаттық-қалпына келтіру пунктінің аға шебері Нариман Жұмжұманов.

 

Оны кабинеттегі жұмыс орнынан ұстау қиын, ол  көбінесе магистральдық мұнай құбырының бойындағы жөндеу жұмыстарының басы-қасында жүреді.

«Апатты қалпына келтіру пункті мұнай құбырының жедел жәрдемі секілді. Бекітілген кесте  жоспарына сәйкес мұнай құбырларында жөндеу жұмыстарын жүргіземіз,  құбыр ішілік диагностика нәтижесінде анықталған және алдын ала болжалған ақауларды жоямыз, техникалық тұрғыдан шамаларға сәйкес жұмыс істеуі үшін қызмет көрсетеміз. Ең бастысы біздің команданың ұйымшылдығы.  Әріптестеріммен бірге  жұмыс барысында жылдың төрт мезгілінде де  жедел әрекет етуге үйрендім, менің жұмысым сонысымен қызықты», – дейді аға шебер Нариман.

2017 жылы  «Екібастұз» мұнай айдау станциясына желілік құбыршы болып жұмысқа орналасқан Нариман аз уақыттың ішінде үлкен жетістіктерге қол жеткізген, өзін қабілетті маман ретінде мойындатқан. 2019 жылы «Үздік маман» конкурсының бірінші кезеңінде бірінші орын алған. 

«Мен қандай да бір жетістіктерге жетіп жатсам оны тек қана өзімнің емес, жол көрсететін аға буынның сабақтарының жемісі деп білемін. Желілік құбыршы болып жұмысқа орналасқан уақытта сол ағаларым көп нәрсе үйретті. Мәселен,  желілік құбыршы болып еңбек еткен, өз уақытында «Мамандығы бойынша таңдаулы» конкурсында жеңіске жеткен, жақында ғана марқұм болған Геннадий Сердитов, электргазбен дәнекерлеуші Асылбек Жантеміров, ТАҚП-ның бастығы Василий Крылов пен қазір басқармада мұнай құбырларын пайдалану жөніндегі инженер болып еңбек ететін Арман Юсембаевтарға алғысым зор»,  – дейді Нариман Қонысұлы.

Нариманның әріптестері оның бойындағы өз мамандығына деген асқан қызығушылығы мен кәсіби шеберлігін, жауапкершілігін күнделікті жұмыс барысында байқап үлгерген.  

Әріптестер пікірі: 

Арман Юсембаев, ПМҚБ мұнай құбырларын пайдалану жөніндегі инженері:

«Мен Нариманмен «Екібастұз» МАС-та бірге еңбек еттім. Оны «Үздік маман» бауқауының бірінші кезеңіне дайындадым. Оның бойында еңбексүйгіштік, ыждаһаттылық, төзімділік, мақсатшылдық секілді қасиеттер топтасқан. Кез келген дүниеге қызығушылықпен қарап, белсенді ойлап шешім табу қабілеті жоғары. Ең бастысы ол сол адами қасиеттерін жұмыс барысында дәлелдеп келеді»

Василий Крылов, ПМҚБ тіректі апаттық-қалпына келтіру пунктінің бастығы:

«Нариман болашағынан үміт күттіретін жас мамандардың бірі. Мен оны конкурсқа дайындаған уақытта бұған толықтай көз жеткіздім. Көрсеткеніңді бірден қағып алып, сапалы да уқытылы орындауға тырысады. Бізге аға шебер болып келгеніне де көп уақыт өтпесе де өзін жақсы қырынан танытып үлгерді. Жаңалыққа жаны құмар, тапсырылған міндеттерді жауапкершілікпен атқарады. Әрине,  тәжірибеде толықтай пісіп-жетілді деп айтуға болмас, әлі де үйренетін жақтары бар. Бірақ  оның кез келген қиындықтарды еңсеретініне сенімім зор».

Тәуелсіздіктің құрдасы – Павлодар облысы Ертіс ауданының тумасы. Жас маман қазіргі таңда жан-жарымен үш бала тәрбиелеп отыр.

«Тәуелсіздік біз және еліміз үшін мақтаныш. Оны қадірлей білуіміз керек. Егемендіктің арқасында еліміз бейбітшілік және келісімде өмір сүруде. «Тәуелсіздік маған не берді?» деп сұрамай, «Тәуелсіз елдің өркендеуіне мен қандай үлес қосамын?» деп өзіңнен сұрау қажет. Мен үшін тәуелсіздіктің басты сыйы – отбасым мен балаларым», – деп атап өтті әріптесіміз.

Алтынгүл Меңдіхан, Бейбіт Бөжен

Дереккөз: Munaiqubyrshy