Коронавирустық пандемияның қайта өршуі биыл мерейлі жастарын атап өтетін Компания зейнеткерлері мен мұнайшы ардагерлерін әдеттегідей құттықтауға кедергі болмады. Гүл шоғы мен естелік сыйлығын алдын-ала жолдап, мерейтой иегерін онлайн форматта Бас директордың әлеуметтік-әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары Жетібай Төлеғожаев құттықтады.
«Құрметті Дәри апа! «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлiк қоғамы басшылығы мен мұнайшылары атынан Сізді Маңғыстау мұнайының 60 жылдығымен тұспа-тұс келген 80 жылдық мерейлі мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймыз», – деді Жетібай Төлеғожаев.
Түбек тарихының куәгері Дәри Тоқжанқызының Жетібай жолдарында ерен ерлігі мен еселі еңбегі жатыр. Мерейлі күні мереке төрінен табылған Дәри апамыз басшылық ықыласына тәнті болып, мұнайшы қауымға ризашылығын білдірді. Маңғыстау мұнайының 60 жылдығымен құттықтап, мұнай-газ саласының дамуы жолындағы толассыз еңбектеріне табыс тіледі.