К 30-летию Независимости Казахстана | 21 қазан 11:27

ҚБМ: «Адал еңбек – асыл мұра»

«Қаражанбасмұнай» АҚ компанияның қалыптасып, жан-жақты дамуы үшін ұзақ жыл еңбек еткен зейнеткерлерге құрмет көрсетті. Кен орнынан алғашқы мұнай бұрқағы атқылғанына 50 жыл толуына орай басшылық құрметті демалысқа шыққан 500-ге жуық зейнеткердің басын қосты.

Салтанатты шарада Басқарма ардегерлерді Қаражанбасмұнайының жарты ғасырлық мерейтойымен құттықтады.Сондай-ақ Бозашының қою мұнайын игеру жолында қиындықтарға мойымай, кездескен кедергілерді абыроймен еңсергені үшін алғыс білдірді. Бұдан соң ұзақ жылдық еңбек иелеріне Қазақстан мұнайының 125 жылдығы,Қаражанбас мұнайына 50 жыл медальдары және естелік сыйлықтары табысталды.

«Біздің арамызда кен орнында өндіріс қарқынды басталған шақта қызметке кіріскен азаматтар бар. Қаражанбас біздің өмірімізді бір арнаға тоғыстырған еңбек мекені. Біз мұнда мықты маман болып шыңдалдық, білікті әріптестер, өмірлік достар таптық. Компания ұжымы бізді үнемі сыйлап, құрметін аямайды», - деді зейнеткерлер.

 

Кеш барысында қатысушыларға компания тарихы тізбектелген деректі фильм көрсетілді. Көпшілік картина арқылы өткен шаққа ой жүгіртіп, өндірістегі қиын да қызықты шағын еске түсірді. Қаражанбас қарияларын құттықтай келген өлке өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты. Айта кетейік, құрметті демалысқа шыққан зейнеткерлерге үнемі көңіл бөліп, әлеуметтік қолдау көрсету ҚБМ-да ұзақ жылдардан бері қалыптасқан игі дәстүр.