К 30-летию Независимости Казахстана | 21 маусым 13:06

ҚБМ Ақшымырау ауылына кіреберіс қақпа орнатты

«Қаражанбасмұнай» АҚ Маңғыстау ауданына қарасты Ақшымырау ауылына көрік беретін ерекше сый тарту етті. Компания биыл 90 жылдығы тойланатын ауыл кіреберісіне зәулім қақпа орнатып, халыққа зор қуаныш сыйлады.

Ресми ашылу рәсіміне ауыл басшылығы, тұрғындар мен бір топ Қаражанбас жұмысшылары қатысты. Ақшымырау тарихындағы маңызды күнде ақсақалдар бата беріп, салтанатты түрде лента қиылды.

«Ауылымыздың мерейтойы қарсаңында бұл біз үшін өте керемет сый болды. Берекелі істің басы-қасынан табылған азаматтарға, ҚБМ еңбек ұжымына, Бас директоры Марат Елеусіновке алғысымыз шексіз», - деді Ақшымырау ауылының әкімі Абзал Қарақойшиев.

 

Биіктігі 5 жарым, ені 10 метр қақпаны пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехы жұмысшылары құрастырды. Онда киіз үй бейнеленіп, ауыл атауы және қарсы бетіне «Сәт сапар!» сөздері жазылған. Құрастырушылар мен дәнекерлеушілер дайындаған қақпаға №2 мұнай өндіру және жөндеу-құрылыс цехының мамандары әрлеу жұмыстарын жүргізді. Қақпаны технологиялық көлік департаментінің арнайы техникалары ауылға дейін жеткізді.

«Қаражанбас мұнайшыларының бірлесіп жасаған туындысы шалғайдағы ауыл көркіне көрік қосты. Қақпа түнде де алыстан анық көрінуі үшін жарық шамдары орнатылды. Ауыл – әр адамның алтын бесігі. Ауылдың дамығаны – елдің дамығаны. Игі іске үлес қосқанымызға біз де дән ризамыз», - деді күрделі құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Еркінбек Жолдыбаев.

ҚБМ облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан маңдайалды мұнай компанияларының бірі. Сондықтан аудан-ауылдардың көркеюіне демеушілік көмек көрсету назардан тыс қалмайды.