Ол еңбек жолын 40 жыл бұрын Атырау облысындағы Мақат мұнай кен орнында оператор болып бастаған. Жас жігіт тәжірибесі толықпаса да, қызметінің қандай жауапкершілік жүктейтінін жақсы түсінді. Қабес Шуриев еңбекқорлығы мен шеберлігі арқасында өндірісті өркендету жолында аз еңбектенген жоқ. Дамудың даңғыл жолына сенімділікпен сапарға шыққан ол бірнеше жылдан кейін, батыс аймағының ең ірі кен орындарының бірі – Қаражанбасқа қызмет ауыстыру туралы шешім қабылдады. Дәл осы жерде оның еңбек тарихы жарқын кезеңге ұласты.
«Біздің ауылда тұрып, мұнайшы болмау мүмкін емес еді. Себебі, айналамызда жаңа кен орындары көптеп игерілді. Отбасында барлығы өндірісте жұмыс істеді, әкем, ағам, әпкем... Сондықтан мен де туыстарымның жолын жалғадым. 90-шы жылдардың басында Қаражанбасқа келіп, оператор болып жұмыс істедім. Одан соң газ цехына қызметке ауысып, осы күнге дейін жұмыс істеп келемін. Замандастарымызбен бірге компаниядағы көптеген өзгерістердің куәсі болдық. Көз алдымызда жаңа технологиялар енгізіліп, өндірістік нысандар салынды, процесс автоматтандырылды», – дейді Қабес Шуриев.
Мұнай өндіру саласында Шуриевтер отбасының есімі жақсы таныс. Әулет басшысы Қасан Шуриев – оператор, III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері, Атырау облысындағы өндіріс бастауында болған құрметті азамат. Балалар да әке жолымен жүріп, өлке өндірісіне етене араласты. Бір кездері жас маман болған олар, ата-аналардың жол нұсқауымен, еңбекқорлығының арқасында өз саласының сайыпқыраны атанды.
«Еңбекқорлық пен адалдық – біздің отбасымыздағы басты қағидат саналады. Солай болған, әрі қарай да солай бола береді», – деп атап өтті Қабес Шуриев.
Ұрпақтар сабақтастығы мен ұйымшылдық дәстүрлері өндіріс озаттары балаларының да бойынан кездеседі. Олар да ата-бабаларының ізімен жүріп, қызметін абыройлы атқарып жүр. Кейіпкеріміздің жұбайы – ардақты ұстаз. Апайымыз да әрқашан туыстарына қолдау көрсетіп, тірек болып келеді.
Қаңтар айында Қабес Шуриев соңғы вахта ауысымын тапсырып, құрметті демалысқа аттанады. Кәсіби маман өзінің 40 жылдық тәжірибесімен сусындатқан жас мұнайшыларға сүйікті кен орнын сеніммен тапсыра алатынына дән риза.