К 30-летию Независимости Казахстана | 24 мамыр 10:18

ҚБМ басқармасы Азия чемпиондарын қабылдады

«Қаражанбасмұнай» АҚ Басқармасы самбодан Азия және Океания чемпионатында үздіктер қатарынан көрінген Бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу департаментінің шебері Сәндібек Дүйсенбековті құттықтады. Самбо күресін серік еткен мұнайшы бұған дейін бірнеше рет облыстық, республикалық, Азия және Әлем чемпионаттарында жеңіс тұғырынан көрініп, компания атын асқақтатып жүр.

«Жұмысшыларымыздың арасында мықты балуандардың болуы - біз үшін зор мәртебе. Сіздер тек өзіңіз ғана емес, әріптестеріңізді де салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуға шақырып, жеңіске жетелеп жүрсіздер. Жарқын жетістікке жетуіңізбен құттықтап, компания намысын абыроймен қорғағаныңыз үшін зор алғыс білдіреміз», - деді ҚБМ Басқармасы.

Ақтауда өткен байрақты бәсекеге Азия құрлығындағы 25 мемлекеттің балуаны қатысты. Сәндібекпен қатар 64 келі салмақ дәрежесінде технологиялық көлік департаментінің (ТКД) цементтеуші агрегат моторисі Бауыржан Есболаев та өнер көрсетті. Бағы мен бабы қатар шапқан қаражанбастық қос мұнайшы үздіктер қатарынан көрінді. Сәндібек Дүйсенбеков қола жүлдеге лайық деп танылса, Бауыржан Есболаев алтын медаль қанжығалап, Азия чемпионы атанды.

«Жетістікке жету - үздіксіз дайындық, жанкүйерлер сенімі мен сәттілікке тікелей байланысты. Боз кілемге шыққан сайын жауапкершілікті ерекше сезініп, жеңіссіз оралмауға тырысамыз. Қарсыластар сөзсіз мықты болды. Дегенмен сенімді ақтау – біз үшін аса маңызды. Бұл біздің шың емес. Әлі талай доданың дарабозы атануға барымызды саламыз», - деді С.Дүйсенбеков.

Өз кезегінде Азия және Океания чемпионатының жүлдегері ҚБМ Бас директорына спортты дамытуға қосқан үлесі үшін Маңғыстау облыстық самбо федерациясы атынан алғыс хат табыстады. Жауырыны жерге тимеген жігіттер биыл күзде өтетін Әлем чемпионатында бақ сынайды. Қаражанбастық қос самбошы қалың ел көз тігетін жарысқа дайындықты қазірден бастап кетті.