«Бұл жетістік – өндірістегі қызметті спортпен сәтті ұштастырғанның жемісі. Мұнайшыларымыздың салауатты өмір салтын ұстанып қана қоймай, кәсіби деңгейдегі додаларда жеңіс тұғырынан көрінуі біз үшін зор құрмет. Алдағы уақытта да қоржынымыз алтын медальдармен толығатынына кәміл сенемін», – деп атап өтті басшылық.
Естеріңізге сала кетейік, қаражанбастық қос мұнайшы - бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу департаментінің шебері Сәндібек Дүйсенбеков пен технологиялық көлік департаментінің цементтеуші агрегат моторисі Бауыржан Есболаев Астанада өткен чемпионатта қола және күміс медаль жеңіп алды. Өз кезегінде олар мұнайшыларға қолдау көрсеткен ҚБМ Басқармасына Маңғыстау облыстық самбо федерациясы атынан алғыс хат табыс етті.
«Біз үшін ұжымның қолдауы ерекше маңызды. Бұл жеңіске жетуге күш-жігер береді. Қаражанбастың атын ауқымды жарыстарда қорғау біз үшін үлкен мәртебе», – деді Сәндібек Дүйсенбеков.
Мұнайшы-балуандар күзде өтетін Әлем чемпионатына жолдама алып, дайындықты бастап кетті. Осылайша олар көп жылдық тәжірибе мен жеңіске деген талпыныс арқасында қазақстандық мұнайшылар мықтылығын тағы дәлелдеді.