К 30-летию Независимости Казахстана | 16 ақпан 12:00

ҚБМ басшылығы еңбек ұжымы алдында есеп берді

Қаражанбас кен орнында «Қаражанбасмұнай» АҚ басшылығының І вахта ауысымындағы еңбек ұжымына есеп беру кездесуі өтті. Жиналыста Бас директор Нұрсейіт Союнов қызметкерлерге 2022 жылғы қорытынды бойынша компанияның негізгі өндірістік көрсеткіштері мен кадрлық-әлеуметтік, шаруашылық қызметінің орындалу есебін таныстырып, сондай-ақ алдағы жоспарлар туралы айтып берді.

Блоктар мен негізгі бөлімшелердің басшылары жетекшілік ететін бағыттар бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстарды таныстырды. Алғаш болып сөз алған басшылық 2022 жыл қаражанбастықтар үшін де, бүкіл Қазақстан үшін де күрделі, жауапты шешімдер мен оқиғаларға толы болғанын атап өтті. Дегенмен қиындықтарға қарамастан, барлық құрылымдық бөлімшелердің үйлесімді жұмысы және жүргізілген іс-шаралардың тиімділігі арқасында мұнай өндірудің жылдық жоспары 2 141,8 мың тоннаны құрады. Бұл жоспарлы көрсеткіштен 300 тоннаға жоғары.

Осылайша, компания өндірістік бағдарламаны сәтті орындады. Сонымен қатар, өткен жылдың тамыз айында кен орнында тағы бір тарихи меже – 59 миллион тонна мұнай өндірілді. Мұнайды экспортқа тасымалдау және жөнелту де уақтылы жүргізілді. Қаражанбастан ішкі нарық - «CASPI BITUM» БК» ЖШС-не жеткізу 922 мың тоннаны, жол битумын өндіру және жөнелту көлемі 445 мың тоннаны құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш.

 

Компания басшылыққа алатын ең жоғары құндылықтар: жұмысшылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі, қоршаған ортаға қамқорлық. Өз баяндамасында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Наурызбек Дүйсекенов осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Негізгі қағидат – «нөлдік жарақаттануды» қамтамасыз ету үшін қауіпсіздік мәдениетін арттыруға, жазатайым оқиғалар мен өндірістік жарақаттанудың алдын алуға бағытталған «Қорғау» бағдарламасы енгізілді. Сонымен қатар, басшылық қауіпсіздік техникасын сақтау бойынша ынталандыру мақсатында бірқатар үлгілі мамандарды марапаттады.

Сонымен қатар, компанияда мұнаймен ластанған топырақты қайта өңдеумен тарихи ластанған жерлерді қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өткен жөн. Көгалдандыру жұмыстары да жоспарға сай орындалды. Кен орнында, сондай-ақ Ақтау қаласының саябақтарына 500-ден астам көшет отырғызылды.

 

Компания бірқатар негізгі стратегиялық бағыттарды ұстанады. Ең алдымен, бұл ресурстық базаны арттыру. ҚБМ-да ресурстық базаны арттыру үшін геологиялық барлау жұмыстарының жол картасы әзірленді. Оған сәйкес жер қойнауының келісімшарттық учаскесі шегінде орталық учаскенің жаңа кен орнын және жағалау аймағын барлау бойынша жұмыстар жүргізілді. 2022 жылдың басты оқиғаларының бірі – ілеспе қабат суын тұшыту зауытының іске қосылуы болды.

Еңбек жағдайларын жақсарту бағдарламасы аясында өткен жылдың басынан бастап кен орнында арнайы техника автопаркін жаңарту бойынша ауқымды жұмыс басталды. Технологиялық көлік департаменті қызметкерлеріне жолаушылар автобустары, жүк көліктері, автоцистерналар, мұнай жинауға арналған агрегаттар, автокрандар және т.б. арнайы техникалар пайдалануға берілді. Оған қоса, бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу департаменті жаңа техникалармен толықтырылды. Бұдан бөлек, бірқатар өндірістік және әкімшілік объектілерге күрделі жөндеу жүргізілді.

 

Есеп беру кездесуі соңында жұмысшылар басшылыққа сұрақтар қойды. Тараптар пікірлерді талқылап, шешу жолдарын қарастырды. Қоғам Басқармасы әріптестерді алға қойылған мақсаттар мен міндеттерді орындауға бағытталған жұмысты ұйымшылдықпен жалғастыруға шақырды.