К 30-летию Независимости Казахстана | 27 қыркүйек 14:10

ҚБМ: І вахта үздіктері анықталды

Қаражанбастың І вахта жұмысшылары арасында мұнайшылар күніне орай өткен спорттық жарыстар мәреге жетті. Өндірістік цех жұмысшылары бір апта бойы футбол, волейбол, баскетбол, арқан тарту, бильярд бойынша командалық және жеке жарыстарға қатысып, өзара мықтыларды анықтады.

Тартысты бәсеке шағын футбол ойынымен басталды. Жасыл алаңдағы жарысқа онға жуық команда қатысып, өз цехтарының намысын абыроймен қорғауға тырысты. Мықты дайындық, әріптестік байланыс пен жеңіске деген ұмтылыс арқасында электр цехының (ЭЦ) жігіттері ІІІ, №3 мұнай өндіру цехы (МӨЦ) құрамасы ІІ, ал Қауіпсіздік қызметі командасы І орын иеленді.

Бұдан соң мұнайшылар волейбол және баскетболдан сынға түсті. Мұнда да қатысушылар ортақ мақсат – жеңіске жету үшін меңгерген техникаларын тәжірибеде тиімді қолдануға барын салды. Волейбол бойынша төрешілер шешімімен технологиялық көлік департаменті (ТКД) үздік үштікті түйіндеді. Материалдық-техникалық жабдықтау базасы (МТЖБ) командасы ІІ орынға лайық деп танылды. Ерекше ойынымен көзге түскен бу өндіру цехы (БӨЦ) құрамасы Іорынды қанжығаға байлады. Ал баскетбол жарысында №3 МӨЦ командасы ІІІ, ЭЦ құрамасы ІІ орынға жайғасып, құрылыс-жөндеу цехы (ҚЖЦ) І орын алды.

 

Білектілер мен жүректілер бақ сынайтын ұлттық ойын арқан тарту қаражанбастықтар асыға күткен сайыстардыңбірі. Жарыс кестесіне сәйкес командалар арасынан әр кезең сайын үздіктер іріктеліп, бағы мен бабы қатар шапқандар ақтық сайысқа жолдама алды. Үміткерлер арасынан пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехы командасы ІІІ орынға лайықты өнер көрсетті. Ал №2 МӨЦ жігіттері ІІ сатыға тұрақтады. Жарыс жеңімпазы атағын №1 МӨЦ құрамасы иеленді.

 

Дода ой зеректігі мен мергендік қабілеті мықты мұнайшылар арасындағы бильярд бәсекесіне ұласты. Мұнда жұмысшылар геометриялық қырағылығын паш етіп қана қоймай, бір-бірінің ойынына таңдай қағып, тәжірибе алмасты. Қорытындыға сәйкес, ІІІ орынды аудармашылар тобының намысын қорғаған Айбек Асатуллаев иеленді, ІІ орын «FTC» мекемесінің қызметкері Берікбол Алдоңғаровқа бұйырды. Қабат қысымын ұстау цехының (ҚҚҰЦ) операторы Жәнібек Сұлтанғалиев шашасына шаң жұқтырмай, чемпион атанды.

Салтанатты марапаттау рәсімінде жүзден жүйрік шыққандарға дипломдар мен кубоктар табыс етілді.