К 30-летию Независимости Казахстана | 07 қараша 09:31

ҚБМ: Қажырлы еңбекке лайықты құрмет

Үздіксіз өндіріс алаңында жүргенде өмірдің тез өткені байқалмайды. Ғұмырының жалынды жылдарын өлке мұнайын игеруге арнаған қаражанбастық тағы бір мұнайшы қызмет белесін абыроймен бағындырып, зейнет жасқа жетті.

Пайдалану жабдықтарын икемдеу-жөндеу цехы ұжымы 5 дәрежелі слесарь-жөндеуші Қыдырсих Оразалиевке ұзақ жылғы елеулі еңбегі үшін алғыс білдіріп, құрметті демалысқа шығарып салды.

Қыдырсих Оразалиев Қаражанбаста 28 жыл бойы тұрақты жұмыс істеген білікті маман. Өнегелі еңбек жолын күзетші қызметінен бастаған ол кейін қазандық қондырғысының операторы болып жұмыс істеді. 2001 жылы қызметін жабдықтарды жөндеуге бағыттап, шеберлігін шыңдай түсті. Ол қажырлы еңбек пен кәсібіне адалдық таныту арқылы ортасына сыйлы, үзеңгілестері мен ізбасарларына үлгі бола білген жұмысшы.

 

Зейнет жасы – жылдар бойы жиналған тәжірибенің сәтті қорытындысы іспетті. Өндіріс алаңындағы қиын да қызықты шағын түйіндеген ардагерлердің ел экономикасын дамытуға қосқан үлесі Қаражанбас тарихында алтын әріппен таңбаланады.