Спектакльге аудан әкімі Рахат Елтизаров, өңірдегі желтоқсан оқиғасының қатысушылары мен Ақкетік тұрғындары қатысты. Бір сағаттан астам уақытқа созылған қойылымда адал достық, бақыт пен байлық, жауапсыз махаббат пен Отанға деген сүйіспеншілік сахналанды. Желтоқсан боздақтарын еске алып, олардың ерлік естеліктеріне тағзым жасалды.
«Қойылым кәсіби актерлер ойынынан кем түспеді. Мұнай саласында еңбек ете жүріп, шығармашылық қабілетін паш еткен қызметкерлерге ерекше тәнті болдық. Айтылған әр сөзден ой түйіп, патриоттық сезіміміз арта түсті. Тәуелсіздік – біздің басты байлығымыз екенін әрдайым естен шығармауымыз қажет», – деді түпқарағандық көрермендер.
Қойылымнан соң аудан әкімі тұрғындарға рухани демалыс сыйлаған ҚБМ қызметкерлеріне ерекше алғыс білдірді. Көрермендер де алған әсерімен бөлісіп, мұнайшылардың актерлік шеберлігіне жоғары баға берді. Айта кетейік, компания басшылығы Қаражанбас кен орнының Түпқараған ауданы аумағында орналасуын ескере отырып, әлеуметтік жобаларға көп көңіл бөледі және жергілікті атқарушы билікпен үнемі тығыз әрі белсенді жұмыс жүргізіп келеді.