К 30-летию Независимости Казахстана | 03 маусым 10:32

ҚБМ қызметкерлері KIMEP университетін тәмамдады

«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның 15 қызметкері басқару саласындағы білімін нығайтып, «Mini MBA» бағдарламасы бойынша «KIMEP University» түлегі атанды. Компанияның орталық кеңсесінде Бас директор Марат Елеусінов пен аталмыш білім ордасының өкілдері оқуды сәтті аяқтаған қаражанбастықтарға дипломдарын салтанатты түрде табыс етті.

Компания мен университет арасындағы келісім-шарт бойынша ҚБМ-дықтар 1 жыл көлемінде «Mini MBA»-да білім алды. Mini MBA (master of business administration) - басқару дағдыларын дамытуға бағытталған және нақты практикалық әдістерді пысықтауға бейімдейтін ең қолжетімді оқу бағдарламасы. 12 модульден тұратын сабақтар бизнес, қаржы, менеджмент, персоналды басқару, көпшілік алдында сөйлеу, жұмысты ұйымдастыру тәртібі, жобаларды басқару, тәуекелдер менеджменті сияқты бірнеше тақырыпты қамтыды.

«Бәсекеге қабілетті болу – барлық сала маманы үшін өте маңызды. Біз білікті оқытушылардан алған дәрістерімізді тәжірибеде қолданып, оң нәтижеге жетеміз деген ниеттеміз. Мамандардың дамуына мүмкіндік берген ҚБМ басшылығына алғысымыз шексіз», - деді түлектер.

 

Компания қызметкерлері әр модульде ерекше алғырлық танытты. Сондай-ақ олар тәжірибелік тапсырмаларды орындауда жан-жақты қабілеттерін паш етіп, оқытушылардың оң бағасынан үлесті болды. Оқуды сәтті тәмамдаған түлектер алған білімі мен бойындағы күш-жігері арқылы Қаражанбасты дамытуға әрқашан дайын екенін жеткізді.