№3 мұнай өндіру цехының операторлары Досат Сейбағытов пен Қайрақ Жарылғас оқу ордасында жүргеннен бастап қара алтын игеру саласының кәсіби маманы болуды көздеген. Осыдан 20 жыл бұрын Бозашы даласында еңбек жолын бастаған қос жас маман бүгінде өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен, ұжымдастары үлгі тұтатын мұнайшылардың бірі.
Мұнай өндіру операторлары күні бүгінге дейін 30-топтық өлшеу қондырғысы аумағында бірге жұмыс істейді. Олар ұңғымаларға шолу жасап, өндіріс көлемінің орындалуын, сорап қысымын және жабдықтардың жұмысын бақылайды. Берілген тапсырманы жауапкершілікпен орындайтын әріптес-достар маңызды цех жұмысын жүйелендіріп, еліміздің экономикасын алға сүйреуге тамшыдай үлес қосып келеді.
«Біз мәртебелі мамандық – мұнайшы қызметін таңдағанымызға өте ризамыз. Еңбегімізді елімізге арнап, жерасты байлығын игеру жолында жұмыс істеу – асқақ абырой. Жас кезімізден көздеген мақсатымызға бірге қадам басып, белестерді бағындырып келеміз. Достығымыздың беріктігін сақтап, құрметті демалысқа дейін Маңғыстау мұнайын өндіру үшін барымызды салуға дайынбыз!», - дейді жігіттер.
Бәсекеге қабілетті қызметкерлер компанияны табысқа жетелейді. Досат пен Қайрақ ұжымдастарымен бірге Қаражанбастың даму тарихында жарқын оқиғаларғалардың куәгері болып, сындарлы сәттерді де бастан өткерді. Олар кен орнының әлі де қарыштап дамитынына кәміл сенеді және ортақ мақсат – Отанның мерейі үшін өнімді еңбек ете бермек.