ҚБМ басшылығы және еңбек ұжымы еліміздегі мұнай-газ секторының дамуына 40 жылын арнаған кәсіби білікті, еңбекқор мұнайшы, тағылымды тәлімгер – Бекжан Ешекеновты құрметті демалысқа шығарып салды. Ол Қаражанбастағы мансап жолын мұнай дайындау және айдау цехында оператор қызметінен бастаған. Әр жылдары шебер, аға шебер, цех басшысының орынбасары, цех басшысы ретінде өнімді еңбек етіп, қатарының алды болды. Әріптесіміз биыл кәсіби мереке қарсаңында «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
«Қаражанбастағы 40 жылға жуық уақыт ішінде талай кезеңді бастан өткердік. Ыстығына да, суығына да шыдап, өндірісті бір сәт тоқтатпауға барымызды салдық. Өмірлік достар, адал әріптестер таптық. Қаражанбас біз үшін адал еңбегіміз бен маңдай теріміз сіңген қасиетті мекен. Алпыстың асқарына бағындырып, зейнет демалысына қимастықпен шыққалы тұрмын. Бәрі үшін рақмет, Қаражанбас», - деді Бекжан Ешекенов.
Қаражанбас өндірісінде маңызы зор МДАЦ ұжымы нағыз білікті мамандар ордасы. Аталмыш цехта табан аудармай еңбек еткен Бекжан Ешекенов жалынды жастарға оң бағыт-бағдар беріп, әріптестер құрметіне бөленген абыройлы мұнайшы. Қаражанбастықтар оған зейнет демалысы алдында жылы лебіздерін арнап, естеліктерді еске түсіріп,ғұмырдың маңызды тарауына сәттілік тіледі.