Құрама командалар Мемлекеттік әнұран үнімен, көк байраққа құрмет көрсете отырып, алаңға шықты. Төреші ысқырығына дейін, Бас директордың бірінші орынбасары Қуанышбай Нұрғалиев командалық жарыстардың бірлік пен ұжымдық рухты нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті. Басқарма ұжымның ойындағы біртұтастығы сияқты, болашақ ұрпақ үшін маңызды саналатын дауыс беру кезінде де мұнайшылардың ұйымшылдық танытанытына сенім білдірді.
Төреші допты ортаға шығарған сәтте, ойыншылар мен қақпашылар өз орындарына асықты. «Жолдастық» кездесудің атауы мен ережесі ғана өзгеріссіз қалатын сынды. Себебі, орталық аппарат командасы жеңіске жетіп, ауыспалы кубокты қайтаруды мақсат етіп келген. Дегенмен, алғашқы гол жанкүйерлерді көп күттірмеді. Бірінші тайм басталысымен-ақ мықты соққы жасаған өндірістік басқарма командасының ойыншысы есеп ашты. Бірнеше минуттан кейін олар нәтижені екі еселеді. Екінші таймда командалар ойыны қарқын алды. Орталық аппарат командасы да қарсыластар қақпасына бірнеше сәтті гол соқты. Тартысты кездесу 8:5 есебімен аяқталып, өндірістік басқарма командасы жеңіске жетті.
«Әрине, кез келген спортта нәтиже маңызды, бірақ біз бір-бірімізбен жарыспаймыз. Керісінше, командада ойнау қабілетін көрсетуге тырысамыз. Біз бір ұжым болғандықтан ортақ мақсат-міндеттеріміз, құндылықтарымыз бар, жанашырлығымыз басым. Бүгінгі ойынымызды алдағы сайлауға арнадық. Еліміздің жарқын болашағы үшін бәріміз бірге дауыс бергіміз келеді. Еліміз - бір, тағдырымыз – бір, болашағымыз бүгіннен бастап қалыптасып келеді. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық әріптестеріміз бен отандастарымызды дауыс беруге белсенді қатысуға шақырамыз», – деді матчқа қатысушылар.
Осылайша, өндірістік басқарма құрама командасы тағы да басымдығын көрсетіп, ауыспалы кубокты кен орнында қалдырды. Қос команда мұнайшылары бір-бірімен қол алысып, мықты ойын үшін алғыс білдіріп, кімнің чемпион атанғаны маңызды емес екенін атап өтті. Ең бастысы - ертеңгі күнге сенімді қадам басатын ұжым тұтастығы беки түсті.