Кейіпкеріміз күн сайын топтық қондырғы аумағындағы ұңғымалар жұмысын қадағалап, көрсеткіштерді тіркеп,өндіріс көлемін бақылап, қарбалас жұмыспен жүрсе де,өлең жазуды бір сәт жадынан шығармайды. Қалмұраттың өлең жазу қабілетінің ашылуына мектептегі ұстаздарының оң бағыт нұсқауы да себеп болса керек. Содан бері ол туған жер, достық, өмір, махаббат тақырыптарына қалам тербеді. Осы уақытқа дейін өңір өнерпаздарының репертуарындағы қырыққа жуық әнге сөз жазған. Бүгінде мұнайшының жүрегін жарып шыққан туындылар өлең сүйер көпшіліктің оң бағасынан үлесті.
«Шабыттың қай кезде келетіні белгісіз ғой. Кейде жұмыс барысында әдемі шумақтар туады. Ойда өрілген өлеңді ұмытып қалмай тұрғанда қағазға түртіп аламын. Әр туындым жаныма ерекше жақын. Ол менің қиялымның, ой мен эмоциямның жемісі», - дейді мұнайшы.
Қалмұраттың Қаражанбастағы еңбек жолы осыдан бір мүшел бұрын басталды. Алдымен сорап қондырғысының машинисі болып еңбек етті. Кейін мұнай өндіру операторы қызметіне ауысты. Ол мұнайшы ретінде туған жердің қара алтынын игеру арқылы ел экономикасын дамытуға тамшыдай болса да үлес қосып келеді.
«Өнер – жаратқанның берген сыйы болса, өндіріс – өмір кітабымның маңызды тарауына айналды. Мұндағы бірлігі жарасқан ұжым аға буынның салған сара жолымен абыройлы еңбек етіп келеді. Өндіріс қайнаған кең далада шабытымыз шарықтап, әлі талай тың туындылар жазылатынына сенімдімін», - дейді ол.
Туған ауылы Жармыштан түлеп ұшқан өнер иесі Қаражанбаста қанатын қатайтты. Биыл қырықтың қырқасына келген Қалмұрат алдағы уақытта облыс орталығында шығармашылық кешін өткізуді жоспарлап отыр. Компания ұжымы қиын да қызықты өндірісте өлең шумақтарымен шебер үйлестіру арқылы рухани-адамгершілік құндылықтарды нәрлендіруге үлес қосып жүрген жан-жақты мұнайшыларды үлгі тұтады.