К 30-летию Независимости Казахстана | 27 қыркүйек 08:16

ҚБМ «Самұрық-Қазына» спартакиадасында қола жүлдеге ие болды

«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның спорт саңлақтары Астанада өткен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының VII спартакиадасында бақ сынады. Екі күнге созылған суперфиналда еліміздің түкпір-түкпірінен келген 700-ге жуық спортшы үздік атануға тырысты. Олар шағын-футбол, волейбол, стритбол, тоғызқұмалақ, қол күрес, арқан тарту, шахмат, үстел теннисі сияқты 8 спорт түрінен бағы мен бабын сарапқа салды.

Іріктеу кезеңінен суырылып шыққан сайыпқырандар суперфиналға ерекше дайындықпен келген. Командалар ұйымшылдығы мен ойыншылардың талпынысынан жеңіске деген құштарлықты анық байқауға болады. Өз өңірінен үздік атанған ҚБМ жұмысшылары шағын футбол турнирі мен арқан тарту, тоғызқұмалақ және қол күресі сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарқын ойын көрсетті. Нәтижесінде білектілермен бәсекеге түсіп, 80+ келі салмақ дәрежесінде сынға түскен бу өндіру цехының (БӨЦ) машинисі Бақтияр Тілеубаев жеңіс қоржынына қола медаль салды.

«Бұл нағыз мықтылар бас қосқан спорт додасы болды. Қаражанбас намысын арқалаған әрбір спортшының мойнында жауапкершілік жүгі жатыр. Намысқа тырысып, барлық тәжірибемді салдым. Бұйырғаны қола жүлде болды. Бұл жарыстан да шеберлігімді шыңдап, алдыма көп мақсаттар қойдым», – деді қола қанжығалаған машинист Бақтияр Тілеубаев.

Салтанатты марапаттау рәсімінде жүзден жүйрік шыққан жүлдегерлер мен жеңімпаздарға мақтау қағаздары, медальдар мен сыйлық сертификаттары табысталды. Қорытындыға сәйкес, сапартакиада суперкубогы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобына бұйырды.