К 30-летию Независимости Казахстана | 13 маусым 09:50

ҚБМ технигі Ольга Дмитриева қызмет белесінің биігінде

Мұнайлы өлкенің қара алтын өндірісін өркендету жолында ерлермен иық теңестіре еңбек етіп жүрген мұнайшы қыздар құрметке лайық.

Ел ырысын арттыруды мақсат еткен нәзік жандылардың өнегелі еңбек жолы Қаражанбас тарихында таңбаланған. Солардың қатарында кен орнына ұзақ жыл еңбегі сіңген, бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу бөлімінің технигі Ольга Дмитриева да бар.

Ол ғұмырының 20 жылын Бозашы даласында өткерген адал жұмысшы. Алғашында кен орныныңөрт сөндіру бөлімінде еңбек етіп, кейін жұмысын бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу бөлімінде жалғастырды. Ольга аталмыш бөлімде ұңғымаларға жерүсті және жерасты жөндеу жүргізуге қажетті жабдықтарды күн сайынесептеп, құжаттарды сауатты рәсімдеумен айналысты. Кейіпкеріміз өзіне жүктелген міндет пен тапсырылған істі тиянақты орындау арқылы ұжымға сыйлы, жастарға үлгі бола білді.

 

Абыройлы еңбектің шыңы – берекелі зейнет. Бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу бөлімінің ұжымы Ольга Дмитриеваны құрметті демалысқа шығуымен құттықтап, компанияны дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдірді. Қызмет белесінің биігіне көтерілген білікті техник үшін енді өмірдің жаңа да маңызды кезеңі басталды.